ТҮРКІСТАН: Премьер-министрдің кеңесшісі «Ауыл аманаты» арқылы іс бастаған кәсіпкерлермен кездесті

0
234

«Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсібін бастаған тұрғындардың жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерінің ұсыныстарын тыңдады.


ТҮРКІСТАН: Премьер-министрдің кеңесшісі «Ауыл аманаты» арқылы іс бастаған кәсіпкерлермен кездесті

Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов арнайы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Іссапар барысында Премьер-Министрдің кеңесшісі облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бірге бірқатар жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсібін бастаған тұрғындардың жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерінің ұсыныстарын тыңдады.


Алдымен, Ералы Тоғжанов Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінде болып, Ибата елді мекеніндегі Жасур Муминовтың балық шаруашылығымен танысты. Шаруа өз кәсібін 2023 жылы мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен бастаған. Кәсіпкер 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге қаржы алған. Бүгінгі таңда 240 шаршы метр жердегі 4 бассейнде балықтың «форель» түрін өсіруде. Ол жарты жылда 2 тонна, ал жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Мұнда 4 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта шаруа кәсібін кеңейтуды жоспарлауда.


Премьер-Министрдің кеңесшісі Ескі Иқан ауылдық округіндегі наубайхана жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Махина Муслимова 2023 жылы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының 6-шы бағыты арқылы 7 млн. теңге алып, наубайхана жұмысын бастаған. Наубайханада күніне 1600 дана бөлке нан шығарылып, дүкендерге өткізіледі. Қазіргі таңда кәсіпкер шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін шығаруда. Мұнда жергілікті 10 тұрғын жұмыс істейді. Кондитер иесі кәсібін кеңейтіп, жұмысшы санын екі есе арттыруды жоспарлап отыр.


Бұдан бөлек, Түркістан облысына іссапар барысында Ералы Тоғжанов Оранғай ауылдық окруіне барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалардың жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Сейтходжаева Нигора бардарламамен 5 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, 0,80 гектар аумаққа жылыжай кешенін салған. Жылыжайда жылына 4 тонна қияр өнімі алынады. Кешені толық тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған.


Сонымен қатар бағдарлама аясында 7 млн. теңге қаражат алып, іс бастаған жеке кәсіпкер Бахадир Исраиловтың ірі қара мал бордақылау алаңына арнайы барды. «Рустамбек» шаруа қожалығы 3 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, егін шаруашылығымен айналысуда. Онда жылына 120 тонна бидай мен 100 тонна бақша өнімдері өндіріледі. Кәсіпкер ауыл тұрғындарына жер жырту және дәрілеу қызметтерін қатар көрсетеді.


«Тұрғындардың өз кәсібін ашу» бағыты бойынша 5 млн. теңге қаражат алған Бабир Насировтың дәнекерлеу цехы 300 шаршы метрді құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны жылына 3000-нан астам темір есік және үстел шығаруға қауқарлы. Кәсіпкер 12 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Абдусардар» жиһазының өнімдері нарықта сұранысқа ие.


Премьер-министрдің кеңесшісі өңірдегі жұмыстарды оң бағалап, жобаны жалғастыруды, үздік тәжірибелерді батыл енгізуді тапсырды.