ТҮРКІСТАН: Отырардағы Наурыз тойы ұлағат пен дәстүрге ұласты

0
114

Отырар еліндегі Әз Наурыз — бірлік пен берекенің, тарих пен тағылымның нағыз салтанатына айналды.


ТҮРКІСТАН: Отырардағы Наурыз тойы ұлағат пен дәстүрге ұласты

Отырар өлкесінде Әз Наурыз мейрамы айрықша сән-салтанатпен атап өтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін көне Отырар топырағында Күн мен Түн теңеліп, Самарқанның көк тасы жібіген Әз Наурыз мейрамы айрықша сән-салтанатпен атап өтілді. Әл-Фараби алаңы мен Орталық стадион ақ шаңқан киіз үйлерге толып, ұлттық нақыштағы мерекелік думанға ұласты. Мерекелік шара аясында қазақ халқының салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, ұлттық өнер дәріптелді. Алаңда әсем ән мен күй шырқалып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Суретші Әділхан Мәліктің шығармашылығына арналған суреткөрмесі мен Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының көне жәдігерлер көрмесі, құмырашы Жанұзақ Ерімбетовтың қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар тұрғындарға мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, ұлттық тағамдар әзірленді.

Мерекенің ашылу салтанаты көрерменді ертегілер әлемі мен тарих қойнауына жетелегендей болды. Сахна төріне шыққан 100 биші қыздың мың бұралған «Көктем» биі даланың оянуын паш етсе, жаршылардың жалынды үні Ұлыс күнінің басталғанын сүйіншіледі.

Биылғы мерекенің шоқтығы биік сәті - ұлттық рухтың жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бейнесін сомдаған театрландырылған көрініс болды. Ұлт сардарының тебіреніске толы монологы мен қасиетті Тайқазанның ортаға келуі - өткен мен бүгіннің алтын көпіріндей әсер қалдырды. Ақ сақалды Қыдыр бабаның халықпен қауышып, ақ тілек, адал ниетпен бата беруі мерекенің рухани мәнін аша түсті.

Рамазан айымен астасқан биылғы Наурызда 20 өнерпаз бүлдіршіннің орындауындағы Жарапазан жыры ерекше нақышта шырқалды. Әжелер шашу шашып, Тайқазаннан алғашқы көже құйылып, келіндер иіліп сәлем беріп, халыққа дәм таратты. Ежелгі түркілік дәстүр бойынша «Аманат» ағашына ақ шүберек байлап, елдің тыныштығы мен жердің амандығын тілеген сәттер көпшіліктің көңілін босатты.

Мерекелік жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Есжанов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Айтаханов, Шалатай Мырзахметов пен әдебиет зерттеушісі, профессор Құлбек Ергөбек бастаған зиялы қауым өкілдері сахна төрінен құттықтау сөз сөйледі.

Спорттық алаңда қазақ күресінен түйе палуандар белдессе, арқан тарту мен мас-рестлингтен нағыз мықтылар анықталды. Ал «Ұлттық дәстүр – ұлы мұра» көрмесіндегі шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алды.

Мерекелік шара «Бақыт Айдыны» тобының билері мен белгілі өнерпаздардың орындауындағы «Наурыз», «Туған ел», «Жалғызым қазақ» сынды рухты әндерге ұласты. Шара соңында орындалған композициялық шығармалар мен жастардың флешмобы Отырар аспанын әнге бөледі.

Отырар еліндегі Әз Наурыз — бірлік пен берекенің, тарих пен тағылымның нағыз салтанатына айналды.

Бөлісу