​ТҮРКІСТАН: «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

0
79

Аумақта бірқатар ірі өндірістік жобаларды іске асыру жоспарланған.


​ТҮРКІСТАН: «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің келісімі негізінде екі ел шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылған болатын. Қазіргі таңда орталыққа қажетті сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мақтаарал ауданында орналасқан орталықтың жалпы аумағы 100 гектарды құрайды. Аумақта бірқатар ірі өндірістік жобаларды іске асыру жоспарланған.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын аралап, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын бақылады. Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға өндірістік нысандарды толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді, жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асыруды тапсырды.

– Инвестор үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс. Әр жобаның іске асу мерзімі нақты сақталып, туындаған мәселелер жедел шешілуі қажет. Әсіресе, инфрақұрылым тарту, жер телімдерін рәсімдеу және тиісті құжаттар алу бойынша кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек, – деген Қанат Қайыпбек бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің қатаң бақылауында екенін жеткізді.

Аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы экономикалық аймақта жүргізіліп жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады.

Қазіргі уақытта орталықта сыртқы инфрақұрылым бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 95%-ға аяқталып, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар сумен жабдықтау, кәріз жүйелері және аумақты абаттандыруды қамтитын ішкі инфрақұрылымды жүргізу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылуда. Бүгінде бұл жұмыстардың орындалу деңгейі 45%-ды құрайды.

Дайын өндірістік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында әкімдік тарапынан 8 өндірістік ғимарат салынды. Аталған ғимараттардың құрылысы толық аяқталды. Қазіргі уақытта орталық аумағында жалпы құны 47,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Бұдан бөлек, 8 өндірістік ғимаратта жобаларды іске асыруға ниетті әлеуетті инвесторлармен бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Нәтижесінде, бұл аймақта мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының Қазақстан – Өзбекстан шекарасына жақын орналасуы оның стратегиялық маңызын арттыра түседі. Бұл өндірістік кооперацияны дамытуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және логистикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жол ашады.

Бөлісу