Жаңа Конституция өңірлік дамуға серпін береді
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі кеңестің кезекті жұмыс жиыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мәжіліске «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Серманизов, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, кеңес мүшелері, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының жауапты өкілдері қатысты.
Жұмыс жиынында сөз алған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев биылғы 15 наурызда Қазақстан халқы тарихи таңдауын жасағанын айтты. Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде сипатталатынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 15 наурызды еліміздің тағдырын айқындаған күн ретінде бағалады. Бұл тарихи құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретінін, еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайтынын айтты. Жаңа Ата заң ел игілігіне, келешегіне қызмет етеді деген сенімін жеткізді. Референдумға қатысқан қазақстандықтардың 87,15 пайызы жаңа Конституция жобасын қолдады. Соның ішінде Түркістан облысында 997 мыңнан астам азамат дауыс беру процесіне қатысты. Бұл референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың 84 пайыздан астамын құрайды. Дауыс беруге қатысқан облыс тұрғындарының 92,21 пайызы жаңа Ата заң жобасын қолдайтынын білдірді. Бұл азаматтар Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Шешуші сәтте Қазаұстан халқы ынтымақ пен бірліктің, азаматтық жауапкершіліктің теңдессіз үлгісін көрсетті. Прогрессивті даму жолын таңдаудағы жетістіктерімізді бекітуде ««AMANAT» партиясы Үндеу қабылдап, Мемлекет басшысының жетекшілігімен Ата заң нормаларын жүзеге асыру және өркендеген Қазақстан құру жолында өзінің барлық ресурстарын жұмылдыратынын мәлімдеді. Осындай жауапты кезеңде партиямыз, әр адамның жайлы өмір сүруге құқығын қорғауда, аудан-ауылдардағы өзекті мәселелерді шешудегі және өңірлік дамудағы нақты жұмыстар атқаруды жүйелі жалғастыра беретін болады», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Жұмыс жиыны әрі қарай кеңес төрағасы Бақытжан Серманизовтың жетекшілігімен өтіп, жаңа Конституция бойынша дауыс беру қорытындысы қазақстандықтардың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қолға алған саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңыру жолын толық қолдайтынын айқын көрсеткені мәлімделді. Елімізде жүргізіліп жатқан түбегейлі жаңғырту және мемлекеттілікті нығайту бағдары азаматтардың сеніміне ие болып отырғаны айтылып, Әділетті Қазақстанды құру, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолында қоғамда берік ауызбіршілік орныққаны сөз болды.
Республикалық референдумда көрініс тапқан жоғары нәтиже азаматтардың саяси мәдениетінің артқанын және халқымыздың Әділетті Қазақстанды құруға деген ұмтылысын айқын көрсеткенін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева,Түркістан қалалық тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Еркебұлан Хандиллаев айтып өтті. Жаңа Конституция халықты біріктіргені, оның қабылдануы бүкіл халқымыздың жеңісі екені сөз болды. Жалпыұлттық коалиция өкілдері бір ай бойы ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін, коалиция мүшелері өңіріміздің барлық аймағына барғанын, адамдардың үміті мен тілегін білдіруге барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын және азаматтардың талап-тілегінің орындалуы маңызды екені жарияланды.
Кеңес отырысының күн тәртібінде «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармағы болып енген азаматтардың өмір сұру жағдайларын жақсарту жөніндегі міндеттемелерінің орындалуы бойынша Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариеваның және Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыровтың хабарламалары тыңдалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының есебінде облыс елді мекендерін ауыз сумен қамту, ауыл-аймақтарға табиғи газ жүйесін тарту, тозығы жеткен электр желілерін жаңарту, көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғыртудан өткізу міндеттемелерінің орындалуы айтылды. Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарламасында жол жөндеу жұмыстарының көрсеткіштері, көлік-логистика инфрақұрылымын жаңарту, қоғамдық көліктерді газға ауыстыру жұмыстарының атқарылу барысы таразыланды.
Кеңес мүшелері облыс халқын ауыз сумен қамту көрсеткіштерін бағалауда бірқатар критерийлерді қайта қарау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, тек құбырларды ауыстырумен шектелмей, тұрғындарды толық әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге басымдық беру ұсынылды. Сонымен қатар, ұлттық жоба аясында қамтылатын аймақтар мен оған қойылатын талаптар талқыланып, электр энергиясына қатысты өзекті мәселелер де көтерілді.
Жиын барысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына әуежайдың қазіргі жағдайы мен Сарыағаш айналма жолының ахуалы бойынша сауалдар жолданды. Бұдан бөлек, Шымкент–Түркістан тас жолында шамадан тыс орнатылған бейнекамералар мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі ретінде қаралды. Аталған мәселелер алдағы уақытта тиісті жауапты органдармен бірлесіп қайта көтерілетіні айтылды.
Жиынды қорытындылаған Өңірлік даму кеңесінің мүшелері күн тәртібінде қаралған барлық мәселелердің маңыздылығына тоқталып, оларды сапалы әрі уақытылы іске асыру – өңірдің тұрақты дамуының басты кепілі екенін атап өтті. Әсіресе, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясындағы Жол картасында көзделген міндеттемелерді жүйелі орындау арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және ауыл-аймақтардың әлеуетін көтеру негізгі басымдық болып қала беретіні айтылды.
Жалпы, кеңес отырысы жаңа Конституция негізінде қалыптасқан жаңару кезеңінде өңірлік дамудың тың серпін алғанын көрсетіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалардың жүйелі түрде жалғасын табатынын айқындады.


