Түркістан облысының әкімі Франция компанияларын өңірге инвестиция салуға шақырды

0
74

Ауыл шаруашылығы, туризм, білім, өндіріс, сауда салалары бойынша байланысты нығайтып, жобаларды қарастыру жөнінде уағдаласты.


Түркістан облысының әкімі Франция компанияларын өңірге инвестиция салуға шақырды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кездесу барысында әріптестікті нығайту, инвестиция тарту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында келіссөз жүргізілді. Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті туралы баяндады. Франциялық танымал компаниялар мен брендтерді Түркістанда жұмыс істеуге шақырды.


– Сізді Түркістан облысында қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан мен Франция – маңызды экономикалық серіктестер, ал біздің қарым-қатынасымыз 1992 жылдан бері белсенді дамып келеді. Дәл сол жылы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясы құрылған болатын. Елімізде француз капиталы бар 170-ке жуық компания табысты жұмыс істеуде. Ынтымақтастықтың жарқын мысалы – Түркістан облысындағы Мойынқұм және Төртқұдық уран кен орындарын игеріп жатқан «Orano» және «Қазатомөнеркәсіптің» бірлескен KATCO кәсіпорны. Оның жылдық өндірістік қуаты 4 мың тонна уранды құрайды. Түркістанда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген аса маңызды тарихи ескерткіш Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Биыл Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі туризм саласына инвестиция тартуда мультипликативтік әсер қалыптастырады. Өңірде тарихи және мәдени ескерткіштер, көркем табиғат ландшафттары және сауықтыру орындары шоғырланған. Түркістан қаласында жылына 3 миллионнан астам жолаушыны қабылдайтын халықаралық әуежай жұмыс істейді. Туристерді шақырамыз. Облыста табиғи ресурстар бар. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар жыл бойы ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік береді. Біздің өңір елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша бірінші орында тұр. Түркістанда қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарымыз бар. Сонымен қатар «Шағын өнеркәсіптік парктер» желісін дамытып жатырмыз. Әріптестікті жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Оған толық мүмкіндік бар. Біз француз компанияларымен байланыс орнатып, жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деген Нұралхан Көшеров Франция компанияларын Түркістан облысына инвестиция салуға шақырды.


Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге мен елшілік өкілдері әріптестікті жан-жақты дамытуға мүдделі екендерін, Түркістан өңірінің әлеуетін франциялық компанияларға таныстыратындарын жеткізді. Жобаларды терең талдап, мәлімет алмасуды ұсынды. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы, туризм, білім, өндіріс, сауда салалары бойынша байланысты нығайтып, жобаларды қарастыру жөнінде уағдаласты.

Бөлісу