Түркістан облысында жәрдемақыға тәуелділіктен арылу жұмыстары жүргізіледі

0
107

Жәрдемақыға тәуелділіктен арылту үшін қандай қадам жасалады?


Түркістан облысында жәрдемақыға тәуелділіктен арылу жұмыстары жүргізіледі

Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек 36 888 адамға тағайындалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Цифрлық отбасы картасында «D» және «E» деген санат бар. Анықтама бойынша «D» санатына – әлеуметтік жағдайы тұрақсыз, табысы төмен немесе еңбекке қабілетті, бірақ жұмысы жоқ азаматтар енеді, ал «E» санатына әлеуметтік жағдайы өте нашар, шұғыл мемлекеттік көмек пен қолдауды ең қажет ететіндер енеді.


Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатыстыру мүмкіндіктерін қарастыра отырып, осы екі санатқа енгендер қатарын азайту бойынша арнайы мәжіліс өткізді.


– Бұл санаттағы кей азаматтар не себепті тұрақты жұмысқа шыға алмайды? Басым көпшілігінде несие берешегі қалыптасқан, есепшоттары бұғаттаулы. Сол себепті, күндік жалдамалы жұмысты қанағат тұтып жүреді. Қазіргі таңда жауапты азаматтар банк өкілдерімен несие кестесін қайта қарастыру бойынша келіссөздер жүргізуді бастады. Біз жұмыс істеуге қабілетті азаматтар үшін жеңілдетілген несиелер ұсыну, кәсіп жоспарын түзуге, құжаттарын заңдастыруға көмек беру, оны жүзеге асыруға қолдау көрсету бағыттарын айқындадық, – деді облыс әкімінің орынбасары.


«Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірлік үйлестірушісі Жандос Әзімбай алгоритм тәртібін түсіндіріп, атқарылатын жұмыстарды баяндап өтті. Кәсіпке қабілетті азаматтарды жеке әңгімелесу арқылы анықтап, дағдыларына қарай бағыттау маңыздылығына тоқталды. Әр ашылған кәсіп – қосымша жұмыс орны. Несие алынғаннан кейін де қаражаттың мақсатты жұмсалуы бақыланады. Табыс деңгейі мен бизнес жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі.


Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының мәлімдеуінше, І тоқсанның қорытындысымен Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек 36 888 адамға тағайындалған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл соңына дейін өңірде кедейлік деңгейін 2,7 пайызға төмендету көзделуде.


Басқарма тарапынан бүгінде 4 жұмысшы топ бағыттар бойынша аудан-қалаларда зерделеу жұмыстарын атқаруда. Яғни, мұқтаждық жәрдемақының тағайындалу шынайылығы сараланып жатыр.


Нұрбол Тұрашбеков аудан-қала әкімдіктерінің жауаптыларына жұмыстың шынайы, ашық және әділ атқарылуын қамтамасыз етуді ескертті. Салалық басқарма мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктеп, мерзімін белгіледі.

Бөлісу