Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары тұрғындардың мәселесін тыңдады

0
69

Азаматтар тұрғын үйлердің сапасы, жол инфрақұрылымын жақсарту, заңсыз құрылыс нысандарын бұзу және тағы басқа мәселелерді көтерді.


Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары тұрғындардың мәселесін тыңдады

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары тұрғындардың мәселесін тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында азаматтарды жеке қабылдау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бүгін кестеге сәйкес, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өзі жетекшілік ететін салалар бойынша тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдау барысында азаматтар тұрғын үйлердің сапасы, жол инфрақұрылымын жақсарту, заңсыз құрылыс нысандарын бұзу және тағы басқа мәселелерді көтерді.


Түркістандық тұрғын қаладағы 20 этаждық тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарының сапасына шағымданды. Мәселе назарға алынып, мердігер мекеме «Inter Construction» ЖШС-ға кемшіліктерді дер кезінде реттеу тапсырылды. Тұрғын үйдегі ақаулар кепілдік мерзім ішінде мердігер мекеме тарапынан жөнделеді.


Отырарлық азамат Түркістан-Шәуілдір тас жолындағы Отырабад ауылынан Шәуілдір бағытына кері бұрылыс ашу туралы өтінішін жеткізді. Облыстық маңызы бар КХ-192 «Шәуілдір-Түркістан» қайта кұру жұмыс жобасы аясында елді мекен тұсынан бір жерде кері бұрылу орны қарастырылған. Алайда, екінші орыннан тағы жол ашу жұмыстары Облыстық полиция департаментінің келісімімен арнайы талаптарға сәйкес орындалатыны түсіндірілді.


Тағы бір түркістандық азаматша үйінің мемлекет мұқтажы үшін бұзылуына шағымданды. Айта кетейік, Түркістан қаласы, Ж.Майкотов көшесін Тауке хан даңғылына қосу мақсатында жерге орналастыру жобасы ұсынылған. Нәтижесінде 40 нысанды мемлекет мұқтажына алу қажеттілігі анықталды. Осыған байланысты қала әкімдігі 40 нысанға қатысты Қаулы қабылдады. Алайда, жер иеленушінің құжаттары толық болмауына байланысты мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы Қаулы қабылданбаған. Бүгінгі таңда құжаттарды рәсімдеу барысында қызыл сызықта орналасуына байланысты бас тартылды.


Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала басшыларына тұрғындардың өтініштерін назарға алып, мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды. Орындалу барысы басшылық назарында болады.

Бөлісу