ТҮРКІСТАН: Нұралхан Көшеров шетелдік компания басшылары және инвесторлармен кездесті

0
110

Шақыртуды қабыл алып, Түркістан облысына арнайы келген инвесторларға алғысын білдірді.


ТҮРКІСТАН: Нұралхан Көшеров шетелдік компания басшылары және инвесторлармен кездесті

Түркістан облысының әкімі шетелдік компания басшылары және инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді. Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуеті мен ұсынылатын мүмкіндіктер туралы баяндады. Шақыртуды қабыл алып, Түркістан облысына арнайы келген инвесторларға алғысын білдірді.


– Түркістан – еліміздегі халық тығыз орналасқан облыс. Өңірде еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар үлесі 33,7% деңгейінде, бұл Түркістан облысының кадрлық әлеуетін күшейтіп, инвесторлар үшін тұрақты еңбек ресурстарын қамтамасыз етеді. Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызы Түркістан облысынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі арқылы тасымалданады. Бұл дәліз әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар, Қытайдағы Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы және Сианьдағы құрғақ порт сияқты бірлескен жобалар біздің транзиттік әлеуетімізді одан әрі нығайта түседі. Қазіргі уақытта облыста инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалдау немесе сатып алу құқығымен берілетін шағын өнеркәсіптік парктер бар. Арнайы экономикалық аймақта да инвесторларға мүмкіндік мол. Түркістан облысында инвестициялық ахуал өте жақсы. Маңызды жобаларды сүйемелдеп, толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Мақсатымыз – өндіріс орындарын көбейту, – деген Нұралхан Көшеров 20-дан астам инвестор мен компания басшыларымен келіссөз жүргізіп, ұсыныстарын тыңдады.


G2В форматындағы кездесуде Қытайдың бірнеше провинциясының басшылығы мен делегациясы, инвесторлары ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс салалары бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сонымен бірге күн және су электр станциясын салу, инфрақұрылымды жаңғырту білім саласында әріптестік орнату және өзге де жобалар бойынша пікірлерін айтты. Әрбір ұсыныс пен жоба зерделеніп, тиісті жұмыстар атқарылады.


Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.

Бөлісу