​Түркістан музыкалық драма театрының VI маусымы ашылды

0
134

Театр ашылған күннен бері 17 спектакль сахналанды.


​Түркістан музыкалық драма театрының VI маусымы ашылды

Түркістан музыкалық драма театры VI маусымының шымылдығын түрді. Жаңа маусым көрерменнің ықыласына бөленген «МузАРТ» қойылымымен ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«МузАРТ» – қазақ музыка өнерінің бір дәуірін айшықтап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген аңыз топтың қалыптасу жолын өрнектейтін музыкалық-драмалық спектакль.

Театрдың «МузАРТ», «Келіндер көтерілісі» секілді қойылымдары төл сахнада ғана емес, Астана, Алматы, Қызылорда, Шымкент сахналарында қойылып, аншлагпен өтті. Сонымен қатар театр ұжымы тамыз айында Грузия елінде Абайдың «Қара сөзі» негізінде құрылған «Абай. Қарасөз» пластикалық спектаклін қойған болатын. Мәскеуде өткен өнер фестивалінде театр актерлері үздік деп танылып, бірнеше жүлдемен оралды.

Мұндай өнер іссапарлары аясында ел мен елдің, ұлт пен ұлттың арасындағы мәдени байланыс, достық қарым-қатынасты арттыра түсетіні белгілі. Осы бағытта Түркістан музыкалық драма театры алдағы уақытта да халықаралық серіктестікті кеңейтіп, жаңа шығармашылық жобаларды жүзеге асыруды мақсат етіп отыр.

Театр ашылған күннен бері 17 спектакль сахналанды. Олардың қатарында елдің ерекше ықыласына бөленген «Бөрте», «Махаббат мұнарасы», «Мағжан», «Келіндер көтерілісі», «Вальс королі», «Бекзат», «Пейіш», секілді сүйекті қойылымдар бар.

Айта кетсек, VI маусымда да театр ұжымы көрерменге жаңа шығармашылық жобалар ұсынуды жоспарлап отыр. Алдағы айда жаңа спектакльдің премьерасы өтіп, театрсүйер қауымға кезекті тосынсый жасалмақ.

Бөлісу