ТҮРКІСТАН: Қазығұртта 1000 адам қатысқан интеллектуалд ойыны өтті

0
100

Аталған сайыстың мақсаты – дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын арттыру арқылы білім деңгейін көтеру, сондай-ақ елімізде интеллектуалды ортаны қалыптастыру.


ТҮРКІСТАН: Қазығұртта 1000 адам қатысқан интеллектуалд ойыны өтті

Қазығұртта 1000 адам қатысқан «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазығұрт ауданында «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында дәстүрлі «AL-FARABI» интеллектуалды сайысы ұйымдастырылды.

Зияткер жастардың басын біріктірген ауқымды жоба Қазығұрт ауданы әкімдігі мен аудандық прокуратураның қолдауымен өткізілді. Ашық аспан астында өткен білім бәйгесіне мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер және түрлі сала мамандарынан құралған 200 команда, 1000-ға жуық жас қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов аталмыш жобаның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар мұндай ауқымды интеллектуалды алаңдар жастардың жан-жақты дамуына, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға зор ықпал ететінін атап өтті.

Ал аудан прокуроры Руслан Абдраимов «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтіп жатқан бұл сайыс жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, әділдік пен парасаттылық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды бастама екенін жеткізді.

Аталған сайыстың мақсаты – дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын арттыру арқылы білім деңгейін көтеру, сондай-ақ елімізде интеллектуалды ортаны қалыптастыру.

Сайысқа қатысушы командалар 3 кезең бойынша өз бақтарын сынады. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған командаларға қаржылай сыйлықтар табысталды. Атап айтсақ, 1-орынды Қарақозы Әбдалиев атындағы мектеп командасы иеленді. Жүлде қоры – 300 мың теңге. 2-орын Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының командасына бұйырып, оларға 200 мың теңге табысталды. Ал 3-орынды «Дарын» мектебі командасы жеңіп алып, 100 мың теңге сыйақымен марапатталды.

«AL-FARABI» интеллектуалды ойыны биыл 9-рет ұйымдастырылып отыр. Білімділер бәйгесі – жастардың ой-өрісін кеңейтіп, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін ерекше алаңға айналды.

Бөлісу