ТҮРКІСТАН: Кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жолдары сарапталды

0
24

Жиынға құзырлы органдардың өкілдері мен комиссия мүшелері қатысты.


ТҮРКІСТАН: Кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жолдары сарапталды

Түркістан облысында кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жолдары сарапталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы штаб отырысы өтті. Онда штабтың жаңа құрамын бекіту және алдағы жұмыс бағыттарын айқындау мәселелері сараланды. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып, жүргізді. Жиынға құзырлы органдардың өкілдері мен комиссия мүшелері қатысты.


Облыс әкімінің орынбасары кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау және келеңсіз жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтіп, жұмысты жүйелеу керектігін ескертті.


– Балалардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін сақтауға бәріміз жауаптымыз. Осы ретте, облыста кәмелетке толмағандар арасында орын алған құқықбұзушылықтар мен өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында штаб құрамы бекітілді. Штаб құрамына балаларға қатысты барлық құрылымдар негізгі жұмысшы орган білім, және денсаулық, әлеуметтік қорғау полиция, спорт, ішкі саясат басқармаларының басшылары енгізілді. Негізгі міндеттерінің бірі – апта сайын жағдайларды талқылап, кемшіліктерді дер кезінде анықтап, тиісті құрылымдарға нақты ұсыныстар енгізу және профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл жұмыс балалар арасында орын алуы ықтимал кез келген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға елеулі үлес қосады деп сенеміз. Кәмелетке толмағандарға қатысты тіркелген мәселелер тұрақты бақылауға алынып, тиісті ұйымдармен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта баланың қауіпсіздігіне жауапты мекемелер, басшылар, қызметшілер өз міндеттерін мүлтіксіз орындаулары керек, – деді Ертай Кенжебекұлы.


Жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова тәрбие саласындағы өзекті мәселелерді баяндап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өтті.


Сонымен қатар тиісті мемлекеттік органдар мен қала, аудандарының жауапты өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды. Атап айтқанда, мектептердегі алдын алу қызметін (психолог, әлеуметтік педагог, қамқоршылық орган) біріккен мониторинг жүйесіне көшіру, бейресми оқушы топтарын анықтау бойынша цифрлық бақылау механизмдерін (чат мониторингі, тәуекел индикаторлары) енгізу және әлеуметтік әлсіз отбасылармен жұмысты жергілікті ведомстволармен бірлесе күшейту мәселелері бар.


Отырыс соңында білім басқармасы және тиісті ұйымдармен аудан-қалада жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстар мен талдау нәтижелері баяндалды.

Бөлісу