12 тоннаға жуық азық-түлік сауда сөрелеріне қойылды.
Түркістан қаласында азық-түлік жәрмеңкесі жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында тұрғындарды арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі жәрмеңке "Отырар" секторында ұйымдастырылды. Онда "Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ тұрақтандыру қоры арқылы 12 тоннаға жуық азық-түлік сауда сөрелеріне қойылды.
Жәрмеңкеде сүт және шұжық өнімдері, жұмыртқа, көкөністер, жеміс-жидектер мен күнделікті тұтынуға қажетті өзге де азық-түлік тауарлары сатылымға шықты. Сауда сөрелеріне қойылған тауарлар тікелей өндірушілерден жеткізіліп, нарықтағы бағадан 30-50 пайызға дейін төмен бағамен сатылды.
Аталған жәрмеңке тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Дәстүрге айналған әлеуметтік жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, бұл шара жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынуға мүмкіндік берді.


