Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды одан әрі ілгерілету, еліміздің бірлігін нығайту мәселелері айтылды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары ішкі саясат басқармасының өкілдерімен және жастармен кездесіп, құжаттың маңыздылығына ерекше тоқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Президент Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында сарапшылар мен қоғам өкілдерінің ішкі саясат саласындағы тұжырымдамалық құжат қабылдау бастамасын қолдап, «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихында ішкі саясат саласының негізгі иедологиясымен басымдықтарын жүйелеу мақсатында қабылданған алғашқы тұжырымдамалық құжат.
Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ішкі саясат басқармасының өкілдерімен және жастармен кездесіп, құжаттың маңыздылығына ерекше тоқталды. Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды одан әрі ілгерілету, еліміздің бірлігін нығайту мәселелері айтылды. Сонымен қатар маңызды құжатты әзірлеуге сүбелі үлес қосқан үшін Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Бөріхан Жолбарысұлына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринның Алғыс хаты табысталды.
– ҚР ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарны айқындауға арналғани маңызды стратегиялық құжатты әзірлеу барысында жоғары кәсіби біліктілік танытып, айтырлықтай үлес қосқан азматтарымызды марапаттау – біздің ортақ міндетіміз. Бөріхан Жолбарысұлының еліміздің ішкі саясат саласындағы басымдықтарды нақтылау, тұжырымдамалық бағыттарды жүйелеу және стратегиялық көзқарасты қалыптастыру ісінде жоғары жауапкершілік көрсетіп, осы маңызды құжаттың мазмұндық деңгейін артыруға сүбелі еңбек сіңірді, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жиын соңында Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Қыдырәлі Рысбеков ақ батасын беріп, жылы лебізін білдірсе, ал саясаттанушы Бөріхан Жолбарысұлы өз ризашылығын айтты.
Айта кетсек, аталған құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған. Оның басты мақсаты – ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеу әрі үйлестіру. Құжатта қоғамдық диалог, этносаралық қатынас, дін, мәдени-гуманитарлық, отбасы, жастар, ақпарат секілді ішкі саясаттың басым бағыттары айқындалған. Қабылданған тұжырымдамалық құжат мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы жұмысын ұйымдастыруға негіз болады.


