Сенбілік жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Қазығұртта «Таза Қазақстан» жобасы аясында өткен шарада сегіз мыңға жуық көшет отырғызылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында Қазығұрт ауданында сенбілік жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Аталған жоба шеңберінде аудан көлемінде қоршаған ортаны жақсарту, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде ағаш отырғызу ісі қарқынды жүргізіліп, жасыл желекті көбейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қазығұрт ауылдық округінде өткен тал егу шарасына арнайы қатысып, белсенді жастармен бірге көшет отырғызды. Сонымен қатар табиғатты қорғау бағытындағы бастамаларды жандандыру, жасыл аймақтарды кеңейту, отырғызылған ағаштарды күтіп-баптау мен уақытылы суару жұмыстарын сапалы ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша 18 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Оның ішінде «Жаңару күні» аясында 4 мың түп көшет егілсе, бүгінгі сенбілік барысында тағы 8 мыңға жуық ағаш отырғызылуда. Жалпы, экологиялық акция мен тазалық жұмыстары ауданның барлық 13 ауылдық округінде бір мезгілде өткізілді.
Бұл игі шаралар – табиғатты қорғауға деген ортақ жауапкершіліктің жарқын көрінісі.


