НАУРЫЗ НАҚЫШТАРЫ: Отырарда көне Балуан тас көтеру рәсімі жаңғырды

0
103

Салмағы 150 келіден асатын тасты балуан Арман Сүлеймен көтерді.


НАУРЫЗ НАҚЫШТАРЫ: Отырарда көне Балуан тас көтеру рәсімі жаңғырды

Наурыз мейрамы қарсаңында Түркістан облысында көне Балуан тас көтеру рәсімі жаңғырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы, Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде көне Балуан тас көтеру рәсімі өтті. Салмағы 150 келіден асатын тасты балуан Арман Сүлеймен көтерді.

Мерекелік шара Түркістан облысы әкімдігі және Отырар аудандық әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» мәдени-танымдық жобасы аясында өтті.

– Бұрынғы кездері ауыл-аймаққа әйгілі балуан келсе, зиялы кісілер одан Балуан тас көтеруді өтінеді екен. Бұл рәсімді соңғы рет Отырар ауданында 15 жыл тұрған Қажымұқан атамыз жергілікті милиция бастығы Мырзахмет Сүлейменов үйінде өткен ғасырдың қырқыншы жылдары көтеріпті. Одан беріде 1952 жылы қытай тарапта Дәлелхан палуан көтерді деп естиміз. Ал қазіргі Қазақстан шекарасында кәдімгідей Балуан тас атын атай, Қажымұқаннан кейін рәсім мен шартты сақтап көтерген ешкім жоқ. Сізге осы Шәуілдірліктер атынан өтініш айтайын. Өзара сыйластығымыздың нышаны және күш-қуатыңыздың белгісі болсын! Мына тасты тұғырға орнатып беріңіз, - деді Абылайхан Қалназаров.

Елге белгілі балуан Арман Сүлеймен осыған дейін бірқатар спорт сайысынан жүлдегер атанған. Солардың бірегейі самбо күресінен спорт шебері, дзюдо күресінен спорт шебері. Сондай-ақ, қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер. Пауерлифтинг спорт түрінен спорт шебері. Дзюдо мен Самбо күрес түрлерінен бірнеше дүркін қалалық, республикалық және де халықаралық турнирларының жеңімпазы.

Айта кетейік, қазақ даласында Қажымұқаннан кейін дәл осындай жойқын тас көтерген кісілер болмады. Осылайша, араға 86 жылдан астам уақыт салып, ұмыт бола бастаған рәсім 2026 жылдың 20 наурызында Қажымұқаннан кейінгі тоқтаған жері – Шәуілдірде қайта жаңғырды.

Бұл орайда Қажымұқанның көтерген тасының салмағы куәгерлердің сөзінше пішіні сандық тәріздес ал салмағы 30-40 пұт шамасы болған. Алайда ол тас 1969 жылғы аудан аумағында болған су тасқыны кезінде басқа да балуантастармен бірге ғайып болған.

Бөлісу