Былтыр Түркістан қаласында өңірлік өнім көлемі 526,3 млрд теңгеге жетті

0
71

Өткен жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға артты


Былтыр Түркістан қаласында өңірлік өнім көлемі 526,3 млрд теңгеге жетті

Түркістан қаласында 2025 жылдың өңірлік өнім көлемі 526,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға артты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өңір дамуының 2025 жылғы қорытындылары бойынша есеп берді. Әлеуметтік-экономикалық өсім, инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысы және абаттандыру бағытындағы негізгі көрсеткіштер мен алдағы жоспарларды баяндады.


2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім қалыптасты. Жалпы өңірлік өнім көлемі 526,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 45,9 млрд теңгені құрап, өңдеу өнеркәсібі 29 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 502,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды.


Құрылыс жұмыстарының көлемі 275,4 млрд теңгені құрап, жоспар 112,5 пайыз деңгейінде орындалды. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 552,6 мың шаршы метрді құрап, жоспар 102,2 пайызға орындалды. Сондай-ақ сауда көлемі 193,9 млрд теңгеге жетіп, жоспар 161,9 пайызға артығымен орындалған.


Қала аумағында жол инфрақұрылымын жақсарту аясында 111 көше орташа жөндеуден өткізілді. 48 көшеде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 66,7 пайызға жеткізу жоспарланған.


Сонымен қатар 328 көшеде жарықтандыру жұмыстары толық аяқталып, қамту деңгейі 92 пайызға жетті. Инженерлік инфрақұрылым бойынша жаңа шағын аудандарды газ, су, электр және кәріз желілерімен қамтамасыз ету бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.


Қазіргі таңда қаланың экологиялық ахуалын жақсарту және тұрғындар үшін жайлы қоғамдық орта қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2025 жылы қала аумағында 36 саябақ, 80 сквер мен аллея, 168 көше және 16 жасыл алқап аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда, 1,4 миллионнан астам ағаш, 410 мыңнан астам бұта отырғызылып, жасыл желек көлемі ұлғайтылды. Сонымен қатар қоғамдық орындарды абаттандыру, демалыс аймақтарын жаңғырту, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру жұмыстары атқарылды.


Есептік кездесуде облыс басшысы Түркістан қаласының дамуында оң серпін қалыптасқаны атап өтіп, алдағы кезеңде инфрақұрылымды кешенді жаңғырту, тұрғын үймен қамту, инвестиция тарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Бөлісу