«РАҚМЕТ» – құрғақ сөз: шынайы алғысты қалай айтса дұрыс болады?

0
155

Өз ризашылығыңызды жасырмай, нақтылап жеткізіңіз.


«РАҚМЕТ» – құрғақ сөз: шынайы алғысты қалай айтса дұрыс болады?

Сурет: universalchurchusa.org

Біз алғыс айтудағы ризашылықты сезіммен жеткізе бермейміз. Көбіне «рақмет» деп қана шектелеміз. Сол сөздің артында тұрған шынайы сезімді, көрсетілген көмектің қаншалықты маңызды болғанын бүгіп қаламыз. Ал шын мәнінде, алғыс – жай ғана әдептілік емес, ол адамдар арасындағы байланысты тереңдететін, сенім мен жылулықты арттыратын күш.

Шынайы алғыс жаттанды естілмейді, сондықтан жүрекке жетеді. Егер алғысыңызды формалды сөздермен емес, шын көңілден жеткізгіңіз келсе, төмендегі тіркестер көмектеседі. Олар арқылы сіз әдемі ғана емес, мәнді, жылы және есте қалатындай етіп айта аласыз.


1. «Қажет болған сәтте қасымнан табылғаныңызға алғыс айтамын»

Уақтылы көрсетілген қолдаудан қымбат нәрсе аз. Сондықтан досыңыз немесе танысыңыз дер кезінде ойланбастан, бірден көмектесуге келіскенін міндетті түрде атап өтіңіз. Әсіресе олар өз істерін кейінге қалдырып, сізге жәрдем беруді бірінші орынға қойған болса.

Маңызды: қолдаудың нәтижесін міндетті түрде айтыңыз. Бұл адамдарға олардың күш-жігері шынымен пайдалы болғанын және сіздің көмекті бағалайтыныңызды көрсетеді.


2. «Әрдайым көмектесуге дайын тұратыныңыз үшін рақмет»

Кейде адамдар досының немесе жақын адамының үнемі жанында болуына үйреніп кетеді. Уақыт өте келе оның тұрақты қолдауын жәрдемі емес, міндетті нәрсе ретінде қабылдай бастайды. Ал бір сәтте сол арқа сүйер адам жанында бола алмаған кезде, мысалы, ол алыс жерде болып, көмек қолын созуы мүмкін болмағанда, ренжуі де мүмкін. Көектесуге міндетті санау, көмектеспегені үшін ренжу жәрдемші тараптың көңіліне үлкен дақ түсіреді.

Біреудің үнемі көмектесуі – оның міндеті емес. Оның да өз шаруасы мен қиындықтары сіздікінен кем емес болуы ықтимал. Мұндай қолдау – үлкен құндылық, сондықтан оны бағалау, әрдайым көмектесуге дайын адамға бұл туралы атап айту маңызды.


3. «Сіздің жасағаныңыз – мен үшін баға жетпес көмек»

Кейде көмектескен адам өз ісін ерекше нәрсе деп санамайды. Әсіресе оған бұл оңай көрінсе, көп уақыт пен күш жұмсамағандай болса. Досыңыз, әріптесіңіз немесе туысыңыз өз көмегін ұсақ-түйек деп ойлауы мүмкін.

Ал егер сіз оның көмегі жағдайды айтарлықтай өзгерткеніне сенімді болсаңыз, үндемей қалмаңыз. Оның әрекеті сіз үшін қаншалықты маңызды әрі құнды болғанын ашық айтыңыз. Оның нақты нені өзгерткенін түсіндіріңіз. Ол қол ұшын созбағанда, шешім табу үшін ұзақ уақыт кетуі мүмкін екенін де атап өтуге болады.


4. «Сіздің көмегіңізсіз маған өте қиын болар еді»

Бұл — алдыңғы тіркестің бір нұсқасы. Егер сіз шынымен де біреудің көмегінсіз мәселені өз бетімше жеңе алмас едім деп ойласаңыз, оны міндетті түрде айтыңыз. Сондай-ақ көмектің нәтижесін айтып, оның сіз үшін қаншалықты маңызды болғанын көрсетіңіз.

Мысалы: «Егер сіз маған сенімді дәрігерді ұсынбағанда, мен маманды ұзақ іздер едім, ал ауру асқынып кетуі мүмкін еді. Ал қазір тексеруден өтіп, ем тағайындалды, алғашқы нәтижелерді көріп отырмын. Көмегіңізге көп рақмет!»


5. «Сіз мен күткеннен әлдеқайда көп нәрсе жасадыңыз»

Бұл сөздер де көрсетілген қолдаудың сіз үшін қаншалықты маңызды болғанын айқындайды. Бірақ мұнда да нақтылық қажет. Неліктен сіз мұндай көмекті күтпегеніңізді және жақын адамыңыздың немесе танысыңыздың қай әрекеті сіз үшін ең құнды болғанын айтыңыз.

Мысалы: «Сіздің уақытыңыз қаншалықты тығыз екенін білемін. Соған қарамастан, менің жақсы дәрігер іздеп жүргенімді ұмытпадыңыз. Тек кеңес беріп қана қоймай, маманмен өзіңіз байланысып, мен туралы айтып бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Көмегіңізді өте жоғары бағалаймын».


6. «Сіздің қолдауыңыз маған шабыт берді, енді бәрін еңсере алатыныма сенемін»

Кейде тіпті шағын ғана көмек адамның көңіл күйін көтеріп, күш-қуат береді. Біреудің қолдауы энергия сыйлап, алда бәрі жақсы болатынына сендіреді. Дұрыс бағытта берілген бір ғана түрткі кейін өз бетіңізше алға жылжуға мүмкіндік сыйлайды және бәрін еңсере алатыныңызға сенім ұялатады.

Егер бұл сіздің жағдайыңыз болса, міндетті түрде адамның сізге қалай шабыт бергенін, нақты немен көмектескенін айтыңыз. Мысалы: «Көп адам менің қолымнан бәрі келеді деді, бірақ ол сөздер жай ғана сыпайылық сияқты естілді. Ал сіздің маған шынымен сенетініңізді сеземін, сөздеріңіз шынайы, жүректен шыққандай. Сол сөздерді еске алсам, өзіме деген күмән де сейіледі. Рақмет сізге!»


7. «Сіздің бұл ісіңіз мені қатты толқытты»

Кейде көмек күтпеген жерден келеді. Өкінішке қарай, үміт артқан адам әрдайым жанымыздан табыла бермейді. Ал кейде қолдауды біз жақын деп санамаған, тіпті сенім артпаған адамдар көрсетеді.

Мұндай күтпеген көмек адамда түрлі терең сезімдер тудыруы мүмкін: абыржу, сенімсіздікпен аралас үміт, таңданыс, жағымды шок.

Егер сіз осындай қолдауға кенеттен ие болсаңыз, эмоцияңызды жасырудың қажеті жоқ. Бұл — әлсіздіктің белгісі емес, көрсетілген көмектің маңыздылығы мен дер кезінде болғанының дәлелі. Сондықтан алғыспен бірге туған өзге де күшті әрі күтпеген сезімдеріңізді жасырмаңыз.


8. «Бұл көмегіңізді ешқашан ұмытпаймын»

Бұл сөздермен сіз көрсетілген көмектің қаншалықты маңызды болғанын атап өтесіз. Өмірде жүздеген оқиға болады, бірақ олардың санаулысы ғана жадымызда ұзақ сақталады. Егер сіз бұл көмекті ұмытпайтыныңызға сенімді болсаңыз, демек, оны да, көмектесе білген адамды да жоғары бағаладыңыз.

Мұны айтып қана қоймай, сіз үшін нақты қандай әрекеттер маңызды болғанын да атап өтіңіз. Қажет деп санасаңыз, өзіңіз де керек кезде көмектесуге дайын екеніңізді қосыңыз. Әрине, берген уәдеңізде тұрыңыз.


9. «Көмегіңіздің қаншалықты маңызды болғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын»

Кейде алғыс сезімін сөзбен жеткізу шынымен қиын. Мұндайда ашық айтуға болады:

«Сіз жасаған іс соншалықты маңызды, оны қарапайым сөздермен жеткізе алмаймын. Ойыма келген тіркестердің бәрі ресми сияқты көрінеді, олар менің ішкі сезімімді толық жеткізбейді».

Ең бастысы – шынайылық. Сонда қандай сөз қолдансаңыз да (әрине, әдепті сөздер), адам сіздің ризашылығыңызды анық сезеді.


10. «Сіз мені шынымен құтқарып қалдыңыз. Мен сіз үшін не істей аламын?»

Кейде ең жақсы алғыс — жауап ретінде көрсетілген жәрдем. Сізге көмектескен досыңыз, танысыңыз немесе әріптесіңіз ештеңе күтпейтінін, көмекті шын көңілден жасағанын айтуы мүмкін. Бұл жай ғана сыпайылық емес: көптеген адамдар расында да көмектескенде қайтарымын ойламайды.

Соған қарамастан, біраз уақыт өткен соң сіз ол адамға қалай көмектесе алатыныңызды сұрап көрсеңіз, артық емес. Сіздің көмегіңіз ол кісі үшін де қажетті, құнды болуы әбден мүмкін.


11. «Сіз қолыңыздан келгеннің бәрін жасадыңыз, мен мұны өте жоғары бағалаймын»

Кейде жасалған әрекеттер күткендей нәтиже бермейді. Мұндай жағдайда көмектескен адам да көңілі қалып, өзін кінәлі сезінуі мүмкін. Сондықтан көмегінен еш пайцда тимесе де, ниеті үшін алғыс айту өте маңызды. Адам кез келген күш-жігердің құнды екенін, бірде-бір жақсы істің зая кетпейтінін білуі керек.

Бұл жерде де оның қолдауы нақты нені өзгерткенін, жағдайға қалай әсер еткенін айтып өткен жөн. Қазір байқалған шағын ғана оң өзгерістің өзі болашақта шешуші рөл атқаруы мүмкін. Сондықтан өз ризашылығыңызды жасырмаңыз.

А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Бәрін тастап кетіп қалғың келгенде... Не істеу керек?