Тұрмысқа да, психологияға да пайдасы көп
Сурет: ЖИ
Қазіргі қыз-келіншектер күйзелістен арылып, миын демалдыру үшін медитацияға жүгініп жатады. Ал шын мәнінде, оның орнына кесте тігуге болады. Өйткені кесте тігу – қазақ әйелдерінің байырғы медитациясы. Ертеде тек әйелдерге тән болған бұл өнер олардың жан тыныштығы мен ішкі тебіренісінің бейнесі еді. Күнделікті күйбеңнен босағанда ою құрастырып, кесте тігу арқылы бойдағы күйзелісті тарқатқан. Бұл терапиялық әсер беретін, адамның өзімен-өзі оңаша қалып, іштей сұхбат құруына өте қолайлы іс.
Кесте тігу өнері – қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде терең тамыр жайған, ұлттық рухани құндылықтардың айнасы. Ол тек сәндік қолөнер ғана емес, дәстүр, наным-сенім, тәрбие, эстетиканың көрінісі.
Кестеленген өрнектер бойжеткеннің тәрбиесі мен көркемдігінің белгісі саналған. Әр қыздың жасауына міндетті түрде кестелі бұйымдар (орамал, жастық, көрпе, шапан жиегі т.б.) қосып апарған. Кесте арқылы қыздың іскерлігі, пысықтығы, көркемдік талғамы бағаланған.
Кестелі орамал – сыр жасырған бұйым
Қазақ танымында кестелі орамал жай ғана мата емес, арнайы салтанатты, рәсімдік бұйым болған. Тойда, келін түсіруде, күйеуге ұзатуда, сәлемдемеде, еске алуда кестеленген орамалға ерекше мән берілген. Айталық, ұзатылған қызға анасы беретін кестелі орамал – рухани аманат. Сырға салу кезінде сырға салушылар да кестелі орамал жауып әкелетін болған, бұл ниет пен сыпайылықтың белгісі.
Кесте – қазақтың бейнелеу тілі. Оған жіптің түсі, өрнегі, тігісі кездейсоқ таңдалмаған. Онда әрбір өрнек, түстің де өзіндік мағынасы бар.
Мәселен, қошқар мүйіз – береке, молшылық, отбасының амандығын білдірсе, гүл бейнелері – әдемілік, нәзіктік, махаббаттың нышаны. Қос жүрек – жұптарға арналып, «Сүйіспеншіліктерің өшпесін!» деген тілекті жеткізеді. Құстың бейнесі – рух, еркіндік, бақытты бейнелейді.
Ал түс таңдау кезінде қызыл – қуанышты, көк – руханиятты, ақ түс – тазалықты, ал қара – қайғы-мұңды жеткізеді.
Жаңару әлде жаңғыру
Бүгінде ұлттық нақыштағы кестелі бұйымдарға сұраныс қайта артты. Жас дизайнерлер қазақы оюларды заманауи стильмен үйлестіріп, халықаралық сәнге шығарып жатыр.
Ұлттық, этностиль сәннің биігіне шығып, шетелдік брендтермен иық теңестіріп тұрғаны белгілі. Осындай киімдерден, орамалдардан, үй бұйымдарынан ісмердің көз майын тауыса отырып кестелеп тіккен өрнектерін жиі көреміз. Қолөнер фестивальдері, этно-көрмелерде де кестеленген бұйымдар ұлттық брендтің бірі ретінде бой көрсетуде.
Кесте тігудің психологиялық пайдасы
Қазіргі заманда кесте тігу өнерін қайтадан сәнге айналдырып, өзін-өзі дамыту мен табыс табудың ерекше құралына айналдыруға әбден болады. Бұл өнерді көнергендердің емес, заманға сай жаңғырғандар қатарына қоссақ болар.
Кесте тігуді үйренудің бірнеше маңызды пайдасы бар.
1. Психологиялық пайдасы – тынығу мен медитация. Көп елде тігу арт-терапия ретінде қолданылады. Кесте тігу кезінде адам санасы тынышталып, назарын бір нүктеге бағыттайды. Бұл қобалжу мен күйзелісті басады. Медитация секілді әсер етеді. Қайталанатын қозғалыстар миға тыныштық береді. Әсіресе уайымшыл, ойы көп адамдар үшін тамаша хобби.
2. Қосымша табыс көзіне айналдыра аласыз. Қазір қолөнер бұйымдарына сұраныс жоғары. Әсіресе қазақы оюлы майлық-сулықтар, киім-кешек, қабырғаға ілетін панно, сәукеле, т.б. Ал кісінің аты-жөні, руы, т.б. кестелеп жазу – кең тараған тренд.
Осындай бұйымдарды тапсырыс арқылы тіксеңіз, еңбегіңіз жоғары бағаланатынына күмәніңіз болмасын. Оларды Instagram, TikTok сияқты платформалар арқылы сатуға болады. Тіккен жұмысыңызды цифрлық, электронды нұсқасын жасап, принт немесе дизайн ретінде де қолдана, сата аласыз.
3. Шығармашылық қабілетті дамытады. Түстерді үйлестіру, өрнек құрастыру, ою жасау – эстетикалық талғамды арттырады. Ұлттық нақышты заманауи стильмен үйлестіру арқылы бірегей дизайнерлік бұйымдар жасауға болады.
4. Қол шеберлігі мен шыдамдылықты дамытады. Кесте тігу ұсақ моториканы жетілдіреді. Сабырлылықты, зейінді, дәлдікті үйретеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін өте пайдалы.
5. Киім мен үйге көрік беру. Киімге, дастарханға, жастыққа, пердеге ерекше өрнек тігіп, үііңізге ұлттық нақыштағы әрі креативті ерекше стиль сыйлай аласыз.
Кесте тігу – көне өнер болғанымен, қазіргі қоғамда өте пайдалы хобби. Оны үйренсеңіз, ішкі күйіңізді реттейсіз, шығармашылықпен айналысасыз әрі одан табыс таба аласыз.
Дайындаған: Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


