ҚЫЗ өсіріп отырған ӘКЕЛЕРГЕ арналған АЛТЫН ЕРЕЖЕЛЕР

0
197

«Ұл тәрбиелесең бір әулетті тәрбиелегенің, ал қыз тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің»


ҚЫЗ өсіріп отырған ӘКЕЛЕРГЕ арналған АЛТЫН ЕРЕЖЕЛЕР

Бала тәрбиесінде ата-ананың екеуінің де өзіндік рөлдері бар. Әсіресе әке мен қыздың арасындағы қарым-қатынас ерекше.

Әке болу, қыз баланы өсіп-жетілдіріп, жақсы тәрбие беру, үлкен жауапкершілік және үлкен сын. Әкенің қыз бала тәрбиесінде алар орны өте маңызды. Қыздың өсіп-жетілуі, болашақ жарымен қарым-қатынасы, отбасылық өмірдегі жетістігі мен өзін-өзі танытуы дәл осы әкенің қызына деген қарым-қатынасына байланысты. Қызына жылы сөйлеп, жақсы істеріне үнемі мақтау айтып отыратын әке қыздың өзін-өзі бағалап, үлкен жетістіктерге жетуіне, дұрыс жолды таңдауына себепкер болады.

Қызының алдында қадірі, беделді жоғары болғанын қаласа, мына кеңестерге назар аударса болады.


  • Қызыңыз не айтса да мұқият болыңыз, тыңдаңыз. Егер қызыңыз сізбен әңгіме айтса, демек бұл өте маңызды. Тіпті ол жай сыбырлап айтылса да.
  • Өз отбасыңыздың жеке ережелерін енгізіп қойыңыз. Мысалы жолдан өткенде, көпшілік жерде қолдан ұстап жүру деген секілді.
  • «Менің қызым сұлу ғой» деп жиі айтып, сөйлесіп тұрыңыз.
  • Қызға анасы секілді болам деп тырыспаңыз. Әкенің орны, рөлі бөлек.
  • Ешуақытта қызға қатты дауыс көтеріп айқайламаңыз. Егер айқайлап, ұрсып қойған болсаңыз, онда кешірім сұрауға ұялмаңыз. Қызыңыздан кешірім сұрағаннан ешқандай бедел түсіп, ар-намыс тапталып қалмайды. Әр нәрсені жай сөзбен түсіндіріп көруге тырысыңыз.
  • Қанша қызыңыз болса да әрқайсысына ханшайымдай қараңыз.
  • Егер есейіп кеткен қызыңыз қоңырау шалса немесе қасыңызға отырып әңгіме еткісі келсе, бірден ақша сұрайды, бір жерге сұранады деген ой болмауы керек. Мүмкін ол жай ғана сізбен сөйлесіп, өзін кішкентай қыз сезінгісі келген болар.
  • Қызыңызды маңдайынан сүйіп, жиі құшақтап қойыңыз. Тіпті есейіп кетсе де ол өзіне әрқашан қорған болатын, құшағын жая қарсы алып маңдайынан иіскейтін адамның бар екенін сезініп жүреді.
  • Егер қызыңыз сізге машина жөндеуге немесе қар күреу секілді ер азамат істейтін жұмыстарға көмектескісі келсе бетінен қақпаңыз. Әрине көмегі аз тиер, тіпті кедергі келтірер. Бірақ кейін өскен соң рахатын көретін боласыз.
  • Қай кезде болсын қызыңыздың ісіне көмектесіп қойыңыз.
  • Қызыңызға әрдайым қорған болыңыз, сөзін сөйлеп қойыңыз. Әрдайым әкесіне сенуге болатынын сезінсін. Әрине, дұрыс емес тұстарын айтып, түсіндіруге тырысыңыз.
  • Анда-санда болса да қызыңызбен бірге ойын алаңшасына, сауда орталығына, көшеге, дүкенге шығып тұрыңыз.
  • Ешуақытта анаңның айтқаны дұрыс емес демеңіз. Дұрыс емес болса онда ата-ананың екеуінікі де дұрыс емес немесе біз деген сөзді қолданыңыз. Ортақ, біз деген сөз үлкен мағынаға ие. Сондықтан жеке дара ешкімді кінәлі етпеңіз, айыптамаңыз.
  • Қызыңыз анда-санда жыласа қорықпаңыз. Бірден кінәлі адамды іздеуге немесе сабырға келу үшін заттар сатып алып беріп көңілін аулауға тырыспаңыз. Ішіндегісін шығарып жылап алуға мүмкіндік беріңіз.
  • Қызыңызды қанша жақсы көріп, қорғаштасаңыз да, секіріп ойнауға, жүгіруге рұқсат ету керек. Құлап қаласың, жырып аласың деп, бала болып ойнауына шектеу қоймаңыз.
  • Қызыңыздың әрбір талпынысын бағалаңыз. Егер бала талпынып, бірақ істегені дұрыс шықпай жатса міндетті түрде мақтаңыз, қолдаңыз, қалай істелетінін көрсетіңіз.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.