"БӘРІ ЖАҚСЫ" деген адам көп жағдайда АЛДАЙДЫ

0
145

Қаржылық қиындықтар, қарым-қатынастағы дағдарыс, эмоционалды қажу – мұның бәрі қарапайым сөздердің астарында жасырылуы мүмкін.


Әлсіздікті, сәтсіздікті басқаларға білдіргіміз келмейді. Сол үшін жанның қиналғанын, жүректің ауырғанын жасырамыз. «Қалың қалай?» деген сұраққа шынайы жауап бермей бермей, «Шүкір, жақсы» деген сөздермен шектелеміз.

Бір жанның жай-күйі алаңдатып, шын мәніндегі жағдайын білгіңіз келе ме? Ендеше «Қалайсың?» дегендегі жауабына емес, әңгіме арасындағы сөздеріне мән беріңіз. Психологтар адамдардың «маска» сөздер қолданатынын, олардың көмегімен нағыз жағдайын білуге болатынын айтты.

Қаржылық қиындықтар, қарым-қатынастағы дағдарыс, эмоционалды қажу – мұның бәрі қарапайым сөздердің астарында жасырылуы мүмкін. Қиналып жүрген адам мұны әрдайым ашық айта бермейді. Бірақ оның сөздері – тануға тұрарлық құпия белгілер.


"Менде бәрі жақсы"

Ең жиі айтылатын өтірік, ең көп қолданылатын қорғаныс сөзі. Салғырт не күлімсіреп, бірақ жасанды түрде айтса, бұл – белгі деп біліңіз. Ол адаVLа бәрі жақсы емес, тек жасырып тұр. Ұялғаннан, қорыққаннан, басқаларға жүк болғысы келмегеннен, өз хәлін маңызды деп санамаудан... Себеп әртүрлі болуы мүмкін.


"Не болса, ол болсыншы"

Бұл – мойынсұну фразасы. Мұны айтатын адам күресуден шаршаған, ештеңе өзгерте алмайтынына көзі жеткен, эмоциялық та, физикалық та тұрғыдан қалжыраған. Қарсыласудың мәнін көрмегендіктен, жағдайдан жеңілген.


"Шаршап тұрмын, қазір емес"

Егер адам үнемі шаршағанын сылтауратып, қарым-қатынастан қашса, бұл алаңдатарлық белгі. Ол өмірден, адамдардан көңілі қалып, жалғыздық пен оқшаулануды таңдай бастаған деген сөз.


"Маған бәрібір"

Бұл – немқұрайдылық емес, шаршау. Әрі қарай ештеңе үшін тырысқысы келмегеннен эмоцияларын басып тастайды. Қазір қолынан келгенмен, әйтеуір бір күні ол эмоциялық жарылысқа апаруы мүмкін.


"Бұл туралы айтқым келмейді"

Айтарын әбден айтып, бірақ жеткізе алмаған, өзгелердің түсінбейтініне, қабылдамайтынына немесе орынсыз сынайтынына көзі жеткен жанның сөзі. Негізінде ол айтқысы келеді. Бірақ айтқанмен де ештеңе өзгермейтінін біліп, тілін тістейді, үнсіз ғана қиналады.


"Өзім шешіп аламын"

Ешкімнен көмек сұрамай, бәрін өзім шешемін дейтіндер – көп жағдайда шын мәнінде көмекті, қолдауды қажет ететіндер.


Бұл фразалар – жай сөздер емес, есту керек сигналдар. Егер жақын адамыңыз осы сөздерді жиі айтса, елеусіз қалдырмаңыз. Жағдайына тереңірек үңіліңіз. Мұндай қауіпті сәтте әр адам қолдауды қажет етеді. Кейде ең жақсы көмек жай ғана қасында болу, үнсіз тыңдау, уақытты бірге өткізу болуы мүмкін.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ