Қою қара қас, қайырылған қалың кірпік, жібектей жұмсақ шаш...
ото:ru.pinterest.com
Қою қара қас, қайырылған қалың кірпік, жібектей жұмсақ шаш... «Бұларға тек қымбат косметикамен ғана қол жеткізуге болады» деп ойлайтын аруларымыз аз емес. Десе де, ешқандай косметикасыз-ақ та кемшіліксіз көрінуге болады.
Бал+түймедақ гүлі
Бет терісінің саулығы үшін түймедақ гүлінен шай әзірлеңіз. Ол үшін 1 ас қасық түймедақ гүлін (дәріханада сатылады) термосқа салып, 1 стакан қайнаған ыстық су құйып, қақпағын жабыңыз. 30 минуттан кейін алып, сүзіп, 1 шай қасық бал қосыңыз. Дайын шайды күнделікті таңертең аш қарынға 1-2 ұрттап, емдік шараны 2 апта үзбей жалғастырыңыз. Түймедақ шайы жүзіңізге ерекше әр береді.
Қара дақтардан тезірек арылу үшін бетіңізді күнделікті 3 рет лимон кесіндісімен сүртіңіз. Бетіңіздегі лимон шырыны өзі кепкен соң жылы сумен жуыңыз.
Алоэ шырыны құрғақ бетке пайдалы
Терінің түлеуі сәніңізді кетірді ме? Мұндайда алоэ шырыны жақсы көмекші болмақ. Ол үшін 100 гр алоэ шырыны мен 3 шай қасық қайнаған су, 3 ас қасық спиртті араластырамыз. Бұл лосьонмен бет терісін күнделікті сүртіп тұру керек. Терідегі лосьон өздігімен кепкеннен (шамамен, 10 минуттан) кейін бетіңізді жуып, крем жағыңыз.
«Найзадай кірпік»
Кірпіктеріңізді ұзартып, қалыңдата түскіңіз келсе, үйде дайындалатын майға мән беріңіз. Таза құтыға майсана, бадам, күнжіт, ошаған майларын бірдей мөлшерде құйып, оған Е дәруменін (сақтау мерзімін ұзарту үшін) қосыңыз. Дайын масканы күнделікті жатар алдында құрғақ, таза кірпікке жағу керек. Бірер аптадан кейін-ақ нәтижесін байқайсыз.
Шашқа арналған керемет маска
Шашыңыз ұшталып, көп түссе, мына масканы жасаңыз. Бір ыдысқа 1 жұмыртқаның сарыуызын жарты стакан қарапайым йогуртпен (еш қоспасыз) қосып араластырыңыз. Оған 1 ас қасықтан майсана, кокос, авокадо мен жожоба майларынан қосыңыз. Барлығын жақсылап араластырып, құрғақ шашқа жағып, басыңызға полиэтилен қалта киіңіз. Бір сағаттан кейін басыңызды жуыңыз.
Жібектей жұмсақ әрі жылтыр шашты армандамайтын ару жоқ шығар. Ендеше, 1 банан мен 1 ас қасық зәйтүн майын блендермен езіп араластырып алыңыз. Оған 2 шай қасық бал мен 1 ас қасық қарапайым йогурт (еш қоспасыз) қосыңыз. Барлығын жақсылап араластырып, дымқыл шашқа жағып, басыңызға полиэтилен қалта киіңіз. 30 минуттан кейін шашыңызды жуыңыз. Арманыңызға әп-сәтте қол жеткізесіз!
фото: dzen.ru
Сіркесудың қол терісіне пайдасы да бар екен
Қол терісі жұмсақ болсын десеңіз, қолға жағатын крем мен сіркесуынан бірдей мөлшерде алып араластырып, кешке жатар алдында қолыңызға жағыңыз. Бірер аптадан кейін нәтижесі көңіліңізден шығатынына күмәніңіз болмасын.
Тырнақты ағартып, беріктігін арттыру үшін оны лимонға салу да жеткілікті. Лимонды ортасынан екіге бөліп, тырнақтарыңызды ішіне 15 минутқа салыңыз.
Тісті ағарту үшін белсендірілген көмір (активированный уголь) таблеткаларын ұнтақтап, тіс пастасына қосыңыз. Бұл пастамен тіс жууға арнайы бөлек щетка алғаныңыз жөн.
Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: