СЕССИЯҒА дайындалуға көмектесетін ПЛАТФОРМАЛАР

0
183

Ғаламторда сессияға нақты көмектесетін, уақытыңды үнемдейтін пайдалы платформалар көп


СЕССИЯҒА дайындалуға көмектесетін ПЛАТФОРМАЛАР

көрнекілік: studently.ru

Сессия жақындағанда көп студенттің басы бірдей қатады: конспект жетпейді, уақыт аз, кей пән мүлде «қараңғы орман». Осындай кезде дұрыс сайттарды білу – жарты жеңіс. Қазір бәрін кітапханадан іздеп жүру міндет емес, интернетте сессияға нақты көмектесетін, уақытыңды үнемдейтін пайдалы платформалар көп. Ең бастысы – қалай қолдану керегін білу.


Алдымен студенттер жиі қолданатын Google Scholar-ды айтпай кету мүмкін емес. Бұл сайт курстық, реферат, эссе жазғанда қатты көмектеседі. Қарапайым Google емес, нақты ғылыми мақалалар мен зерттеулерді шығарады. Оқытушы «дереккөздерің әлсіз» деп қайтармас үшін, осы сайттан алынған материалдар әрдайым ұтымды көрінеді.


Келесі пайдалы платформа – Khan Academy. Әсіресе математика, статистика, экономика, логика сияқты пәндерден қиналатындар үшін таптырмас сайт. Барлығы қысқа, түсінікті видеолармен түсіндіріледі. Бір тақырыпты қайта-қайта оқып отырып миың ашымай, видео арқылы тез қабылдайсың. Сессия кезінде дәл осындай формат өте тиімді.


Егер теорияны қысқаша, нақты түсіндірмемен қайталағың келсе, Studocu мен Course Hero сайттары көмектеседі. Мұнда басқа студенттердің конспектілері, шпаргалкалары, емтихан сұрақтары бар. Әрине, бәрін сол күйі көшіріп алу емес, бірақ өз конспектіңді толықтыруға, түсінбей жүрген тақырыпты жылдам шолып шығуға жақсы құрал.


Ал формулалар мен есептерден басың айналса, Wolfram Alpha – нағыз құтқарушы. Бұл сайт есептің тек жауабын емес, қалай шығарылғанын да көрсетеді. Емтихан алдында «осы формула қайдан шықты?» деген сұрақтар мазаласа, көп көмегі тиеді. Бірақ мұны да ақылмен қолдану керек, дайын жауапқа үйреніп кетпеу үшін.


Тілдік пәндер мен мәтін жазуға келгенде Grammarly мен QuillBot сияқты сайттар өте ыңғайлы. Эссе, жауап, мотивациялық хат жазғанда грамматикалық қателерді түзеп, сөйлемді әдемілеуге көмектеседі. Әсіресе ағылшын тілінде оқитын студенттер үшін үлкен плюс.


Ал ең басты құрал – ChatGPT-ті дұрыс пайдалану. Мұнда тақырыпты түсіндіріп беруін сұрауға, жоспар жасатуға, сұрақ-жауап форматында дайындалуға болады. Бірақ дайын жауапты көшіріп алып өткізу емес, түсіну үшін қолдансаң ғана пайдасы бар. Оқытушылар қазір бәрін байқайды, ал өз сөзіңмен жеткізе алсаң – сен ұттың.


Қысқасы, сессиядан қорқудың қажеті жоқ. Дұрыс сайттарды біліп, уақытты жоспарлап, бәрін соңғы түнге қалдырмасаң, кез келген емтиханнан өтуге болады. Интернет – сенің жауың емес, дұрыс қолдансаң ең мықты көмекшің. Сессияда бастысы – сабыр, жүйе және ақылды пайдалану.