"FORBES 30 under 30" тізіміне енген ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАСТАР

0
181

Forbes Kazakhstan журналында жыл сайын жарияланатын «30 Under 30» рейтингі, яғни 30 жасқа толмаған, өз саласында елеулі жетістік көрсеткен тұлғалар.


көрнекілік: forbes.kz сайтынан

Бүгінгі Қазақстанда жас буын бұрынғыдан да батыл, мақсатты және әлемдік деңгейде өз орнын айқындауға дайын. Бұрын тек атақты спортшылар мен бизнесмендер туралы еститінбіз, ал қазір жас ғалымдар, технокәсіпкерлер, инновация жасаушылар біздің елдің атын бүкіл әлемге шығарып жатыр. Олардың ең беделді бірі -Forbes Kazakhstan журналында жыл сайын жарияланатын «30 Under 30» рейтингі, яғни 30 жасқа толмаған, өз саласында елеулі жетістік көрсеткен көшбасшылар тізімі. Бұл тізім - жай атақ емес, нақты нәтиже, ықпал және мүмкіндіктің өлшемі.

Төменде 30-ға толмаған, шынайы Forbes «30 Under 30» тізіміне енген кейбір жастар туралы айтамыз.




Гаини Кусаинова – компьютерлік көру саласының инженері

Гаини Кусаинова Алматыда дүниеге келген. 8-сыныптан кейін РФМШ-ға ауысып, спорттық бағдарламалаумен айналыса бастаған. Бір жазда ол 200-ден астам есеп шешіп, болашағын тек компьютерлік ғылымға арнайтынын түсінген. Кейін Назарбаев Университетінде computer science мамандығын оқып, екінші курста Жапониядағы Токай университетінде стажировкадан өтіп, машиналық оқытумен алғаш рет танысқан. Содан соң Caltech университетінде экономикалық зерттеулерге арналған бағдарламалық жасақтама жасап, академиялық жарияланымда автор ретінде аталған. Үшінші курстан кейін ол Сингапурдегі ADCS зерттеу орталығында FPGA чиптерінде жасанды интеллект модельдерін оқытуға қатысты, бұл тәжірибе оған SIGPA Award сыйлығын әкелді. Кейін Carnegie Mellon University-де (CMU) зерттеу бағдарламасында адам әрекеттерін тану және 3D-сегментация жүйелерін дамытуға ат салысты. Бакалавриаттан кейін Amazon компаниясында инженер болып жұмыс істегенімен, зерттеу мен компьютерлік көруге қызығушылығы басым болып, CMU магистратурасына түсті. Ол Meta компаниясымен бірлесіп адам бейнесін 3D реконструкциялау жобасында автоматты калибрлеу жүйесін жасап, қателік мөлшері 1%-дан кем жүйе әзірледі.Гаинидің тарихы — ғылым мен технологияны шынайы қызығушылықпен меңгеріп, нақты жобалармен дәлелдеу жолының үлгісі.


Бексултанхожа Ануаров – финтех-компанияның негізін қалаушы

Бексултанхожа Алматыда дүниеге келген және мектеп кезінен математика мен теориялық есептеулерге қызығушылығы бар бала болған. РФМШ-да оқып жүргенде ол сандық теория бойынша формула жасап, профессорлардың назарын аударған. Кейін ҚазҰУ-да математикалық компьютерлік модельдеу мамандығын оқып, алгоритмдік инвестицияға қызыға бастады.

Бірінші стартапы – колледждерге арналған электронды күнделік пен мемлекеттік білім беру қызметтерін автоматтандыру жүйесі – Bilim компаниясына айналып, екі жыл ішінде Алматыдағы 98% колледжді қамтып, сәтті сатылды. Қазіргі таңда Бексултанхожа Paidax финтех-компаниясының негізін қалаушы және CEO. Бұл Қазақстандағы инвестициялық платформалардың бірі болып, алғашқы айларда 12 мыңнан астам пайдаланушы жинаған. Компания аналитика, криптовалюта және токенизацияланған активтерді дамытуға ниетті. Бексултанхожаның ерекше қасиеті – жоғары деңгейде математикалық модельдеу және тәуекелді дұрыс басқару қабілеті. Оның стратегиясы – технология арқылы масштабталатын өнімдер құру, тек брокерлік емес, жаңа буын инвесторлары үшін цифрлық инфрақұрылым жасау.


Багжан Октябрь – виолончелист және мәдениет қайраткері

Багжан Октябрь 2002 жылы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Алты жасында А. Жұбанов атындағы республикалық музыкалық мектеп-интернатқа түскен. Кейін Қазақ ұлттық консерваториясында білім алып, академиялық мектеп пен заманауи музыканы біріктіре білді. Багжанның виолончельдегі каверлері Қазақстанның әсем табиғатымен үйлесіп, әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинаған.

Ол «Терапия души» жобасымен қазақ музыкалық дәстүрін жаңаша жолмен насихаттайды. 2024 жылы Түркияда 20 концерт өткізген, Қазақстан бойынша 40 концерт берген. Осы жылы 80-нен астам концерт жоспарланып, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінде өнер көрсетеді. Сондай-ақ Багжан «Менің балам Моцарт» әлеуметтік жобасын бастап, жас балаларға классикалық музыкаға алғашқы қадам жасауды үйретіп келеді. Бұл жоба арқылы үш жылда 1500-ден астам бала өнермен танысқан.


Гаини Кусаинова, Бексултанхожа Ануаров және Багжан Октябрь – әрқайсысы өз саласында шынайы үлгі. Олар 30 жасқа толмай тұрып Forbes 30 under 30 тізіміне енді, бірақ ең бастысы – олардың жетістігі тек атақ емес, нақты еңбек пен инновация, жауапкершілік пен табандылық. Ғылым, бизнес немесе өнер – әр бағытта шынайы жұмыс істей отырып, әлемдік деңгейде танылу мүмкін екенін дәлелдеді.

Бұл жастардың тарихы студенттер мен жас мамандарға айқын көрсетеді: бастау ешқашан кеш емес, шынайы қызығушылық пен табандылық әрқашан нәтиже береді.