АШМ оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру мақсатында агросыныптар желісін кеңейтуде

0
81

Жобаның негізгі мақсаты – оқушыларды агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттарымен таныстыру, алғашқы тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына жол ашу.


АШМ оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру мақсатында агросыныптар желісін кеңейтуде

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық кәсіпорындармен және білім беру ұйымдарымен бірлесіп, оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру және олардың заманауи ауыл шаруашылығына қызығушылығын арттыру мақсатында агросыныптар желісін дамытып келеді.

Жобаның негізгі мақсаты – оқушыларды агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттарымен таныстыру, алғашқы тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына жол ашу. Бұл ретте теориялық білімді аграрлық кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар базасында өтетін тәжірибелік сабақтармен ұштастыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Жоба Қазақстан Республикасында 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында іске асырылуда. Аталған құжатта агроөнеркәсіптік кешенді білікті мамандармен қамтамасыз ету және жастарды ауыл шаруашылығы саласына тарту жөніндегі жүйелі шаралар қарастырылған.

Алғашқы пилоттық жоба Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. Ақмола облысындағы үш мектепте жеті агросынып жұмыс істейді. Ал Қостанай облысында алты мектепте агросыныптар мен агростудиялар ашылған.

Солтүстік Қазақстан облысында жоба жеті ауданда қолға алынған. Қазіргі уақытта 120 оқушы білім алуда. Оқу бағдарламасы өсімдік және мал шаруашылығы бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындары білім беру үдерісіне тікелей қатысып, оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беруде.

Сабақ өткізуге М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары тартылған. Бұдан бөлек, оқушыларға Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады. Мұндай кездесулер барысында олар ғылыми әзірлемелермен, зерттеу нәтижелерімен және заманауи агротехнологиялармен танысады. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын механикаландыру бағыты бойынша да агросыныптар ашу жоспарланып отыр.

Жобаның басты ерекшелігі – білім беру үдерісінің нақты өндіріспен тығыз байланысы. Оқушылар ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының жұмысымен танысып, заманауи технологиялардың қолданылу барысын көріп, аграрлық кәсіпорындардың тыныс-тіршілігін жақыннан білуге мүмкіндік алады.

Осылайша, агросыныптар оқушылардың кәсіби бағдарын ерте қалыптастырып қана қоймай, мектептегі білімнен бейінді білім алуға, одан әрі агроөнеркәсіптік кешенде еңбек етуге дейінгі жүйелі сабақтастықты қамтамасыз етеді.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін бұл – болашақ мамандарды ерте кезеңнен бастап даярлау және олармен өзара байланысты жолға қою мүмкіндігі. Ал жалпы сала үшін білікті кадрлар резервін қалыптастыруға, сондай-ақ жастар арасында аграрлық мамандықтардың беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. ‎