WBO допинг дауынан кейін Әлімханұлының шеттетілу мерзімін қысқартты

0
163

Арнайы комитет Әлімханұлының дисквалификация мерзімін қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырды.


WBO допинг дауынан кейін Әлімханұлының шеттетілу мерзімін қысқартты

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг дауынан кейін шаршы алаңға оралуына болатынын хабарлады. Бұған дейін оның шеттетілу мерзімі 2026 жылдың желтоқсанына дейін күшінде болған еді, деп жазады tengrisport.kz.

WBO мәлімдемесіне сәйкес, арнайы комитет Әлімханұлының дисквалификация мерзімін қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырды. 10 шілдеден бастап қазақстандық боксшының аталған ұйым аясында жекпе-жек өткізуіне қойылған шектеулер алынып тасталды.

"Дисквалификацияның тоқтатылуы негізгі тәртіптік мәселені жоққа шығармайды және ереже бұзушылықтың болмағанын білдірмейді. Бұл тек Комитеттің Әлімханұлына қатысты бұған дейін белгіленген тәртіптік салдарлар мен шарттардың орындалғаны туралы шешімін білдіреді. Осылайша, Комитет Әлімханұлын уақытша шеттетілген спортшы ретінде қарастыруға нормативтік негіз таппайды", - деп атап өтілген мәлімдемеде.

Сонымен қатар WBO дәл осы мәлімдемесінде Әлімханұлының ұйым нұсқасы бойынша супер орта салмақтағы чемпиондық белбеуге үміткер болатынын хабарлады.

Бұл орынға даниялық Якоб Банк те үміткер болғаны, алайда ұйым қазақстандықтың жағына шыққаны белгілі болды.

"Әлімханұлы мырзаның чемпиондық тәжірибесі айтарлықтай өзгеше. Ол ешқашан жеңілмеген. Ол 2022 жылдан бастап WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы болды. Орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағын бес рет сәтті қорғап қалды. IBF чемпионы Винченцо Гуалтьериді жеңіп, орта салмақтағы белбеулерді біріктірді.

Ол Роб Брант пен Дензел Бентли сияқты бірнеше тәжірибелі қарсыласты жеңді. Әлем біріншілігі үшін жекпе-жектерге бірнеше рет қатысып, кәсіпқой бокстың ең жоғары деңгейінде өнер көрсету қабілетін дәлелдеді.

Комитет уақытша шеттетілуі тоқтатылғаннан кейін оның чемпиондық белбеуге құқығы бар деп есептейді. WBO Рейтингтік комитеті оны супер орта салмақ рейтингінде Банк мырзадан жоғары қойды", - делінген хабарламада.

Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы қазіргі уақытта британдық Хамза Ширазға тиесілі супер орта салмақтағы WBO белбеуінің міндетті үміткері атанды. Екі тарап алдағы 20 күн ішінде келіссөздер жүргізуі тиіс.

Жәнібек Әлімханұлының дисквалификациясы

Еске сала кетейік, орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өткен жылдың желтоқсанында тыйым салынған мельдоний препаратын қолданды деп айыпталған болатын. Бұл оқиға кубалық Эрисланди Лараға қарсы үшінші әлем чемпионы атағы үшін өтетін жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда болды.

Осыдан кейін IBF қазақстандықты белбеуінен айырса, WBO бір жылға шеттету туралы шешім шығарған еді.

Кейінірек Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуінен бас тартып, салмақ дәрежесін ауыстыратынын мәлімдеді. Боксшының менеджері Берік Сұлтанның айтуынша, бұл шешім келесі санатта Сауль Канело Альварес сияқты есімі танымал қарсыластардың болуымен байланысты.

Осыдан кейін WBO Әлімханұлыны жаңа салмақтағы рейтингке ресми түрде қосып, оған екінші орынды берді.

Әлеуметтік желілердегі жазбаларына қарағанда, Жәнібектің өзі жаттығуға кірісіп, алдағы жекпе-жекке дайындығын бастап кеткен.