Сурдлимпиада ойындары: Қазақстанның қоржынына жетінші алтын түсті

0
79

Андрей Самарин Сурдлимпиада чемпионы атанды.


Сурдлимпиада ойындары: Қазақстанның қоржынына жетінші алтын түсті

Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Токиода өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында қазақстандық балуан Андрей Самарин грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Туризм және спорт мнистрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше 67 келі салмақ дәрежесінде финалдық белдесуде ол ирандық палуан Мехди Бакшыны 11:1 есебімен жеңіп, Сурдлимпиада чемпионы атанды.

«Ақтық сынға дейін Андрей жоғары деңгейдегі өнер көрсетті. Алғашқы айналымда қырғызстандық Дінмұхамед Бигелдиевті 5:2 есебімен ұтса, ширек финалда болгариялық Дилиан Димитровты 8:0, ал жартылай финалда армениялық Жора Грегориянды да 8:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді», - деп жазылған хабарламада.

Андрей Самарин – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының тумасы. Жасы – 21-де. Ол 2023 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, сондай-ақ 2024 жылы Малайзияда өткен Х Азия–Тынық мұхит ойындарының чемпионы атанған.

Осы жеңістің нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынындағы медаль саны 14-ке жетті. Оның ішінде 7 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлде бар.

Айта кетері, биылғы Сурдлимпиада ойындары 15–26 қараша аралығында Токио қаласында өтіп жатыр. Бұл – есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын ең беделді халықаралық жарыс. Байрақты бәсекеге 81 елден келген 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 209 дисциплинада жүлделерді сарапқа салып жатыр. Қазақстан құрамасының намысын 78 спортшы 8 спорт түрінен қорғайды.