«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ 16 КҮН»: Шымкентте акция аясында флешмоб ұйымдастырылды

0
244

Акцияның негізгі міндеті отбасылық қатынастардағы қауіпсіздік мәдениетін нығайту, және тұрғындарды осы бағытта қабылданып жатқан профилактикалық шаралармен жан-жақты таныстыру.


«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ 16 КҮН»: Шымкентте акция аясында флешмоб ұйымдастырылды

Шымкент қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің маңыздылығын арттыру және қоғамдық назарды осы өзекті мәселеге аудару мақсатында Әл-Фараби аудандық әкімдігі мен Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының бірлескен бастамасымен Тәуелсіздік саябағында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

25 қараша мен 10 желтоқсан аралығын қамтыған бұл кешенді шара – елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтың жолын кесу және азаматтардың жалпы құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады. Акцияның негізгі міндеті – отбасылық қатынастардағы қауіпсіздік мәдениетін нығайту, сондай-ақ қала тұрғындарын осы бағытта қабылданып жатқан профилактикалық шаралармен жан-жақты таныстыруға бағытталған.

Шымкент қаласы полиция департаментінің Әл-Фараби аудандық Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің ұсынған мәліметтері осы мәселенің қоғамдағы өзектілігін айқын көрсетеді: 2025 жылдың 10 айы ішінде 102 арнасына мыңға жуық шақыру түскен. Бұған қоса, 950-ге жуық отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқық бұзушылық тіркеліп, бірқатар жәбірленушілерге қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған. Сондай-ақ, заң бұзушылық жасаған тиісті тұлғалар арнайы есептік тізімдерге енгізілген. Бұл деректер профилактикалық шаралардың жүйелі түрде қажет екенін және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің қоғамда әлі де ауыр проблема болып отырғанын көрсетеді.

Дәл осы мәселеге қоғам назарын аудару мақсатында ұйымдастырылған шараға қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері белсене атсалысты. Жастар «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» деген ортақ ұранмен бірігіп, флешмоб орындады. Бұл әрекет қоғамдық сананы оятуға және жастардың азаматтық ұстанымын білдіруге бағытталған маңызды үндеу болды. Бұдан бөлек, 150 студенттің қатысуымен әйгілі орындаушы Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» шығармасына қойылған хореографиялық композиция ұсынылды. Бұл өнер көрінісі акцияның әлеуметтік маңызын айшықтап, жастардың азаматтық белсенділігі мен қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамайтындығын айқын көрсетіп берді. Акция қала тұрғындарын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте белсенді болуға шақырады.

Бөлісу