​ТАЕКВОНДОШЫ НОДИРА АХМЕДОВА – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ

0
81


​ТАЕКВОНДОШЫ НОДИРА АХМЕДОВА – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ

Қазақстандық таеквондошы, Шымкент қаласының намысын қорғаған спортшы Нодира Ахмедова Қытайдың Уси қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алып, еліміздің әйелдер құрамасына алғашқы жүлдені сыйлады.

49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нодира жарысты жартылай финалда аяқтап, үздік үш спортшының қатарынан көрінді. Шешуші кездесуде ол Қытайлық Тайпей елінің өкілі Ю Юн Люден ұтылды.
Бүгінге дейін Нодира Ахмедова чемпионат барысында төрт кездесу өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетті. Екінші айналымнан бастап сынға түскен спортшы Бразилия, Канада және Тайланд өкілдерін тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алған болатын. Оның жеке бапкері – Ризаев Давран.
Айта кету керек, бұл – Нодира Ахмедованың спорттық мансабындағы ең ірі жетістігі ғана емес, сонымен қатар қазақстандық әйелдер таеквондосы тарихындағы айтулы оқиға. Себебі, Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында соңғы рет 2007 жылы Бейжіңде қола медаль иеленген еді.
Осылайша, Нодира Ахмедова араға 18 жыл салып, қазақ таеквондосының әйелдер арасындағы әлемдік деңгейдегі табысын қайта жаңғыртты. Бұл жеңіс – еліміздің спорт саласындағы үлкен жетістік әрі жастарға шабыт сыйлайтын жарқын үлгі болды.
Бөлісу