​ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫ ЕУРОПАДА ЧЕМПИОН АТАНДЫ

0
258

Елге мереймен оралған жас чемпион алдағы уақытта да халықаралық сайыстарға тыңғылықты дайындалуды жоспарла, болашақта Олимпиада чемпионы атануды мақсат тұтып отыр.


​ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫ ЕУРОПАДА ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Шымкент қаласының спорттық абыройы тағы бір мәрте халықаралық деңгейде асқақтады. Испанияның бас қаласы Мадридте өткен джиу-джитсудан беделді халықаралық турнирде шымкенттік жас талан Байқұт Төлепберген қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл жеңіс тек спортшының ғана емес, бүкіл мегаполис пен еліміздің спорт саласындағы кезекті жарқын жетістігі ретінде тіркелді.

Мадрид төрінде өткен дода әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мықты балуандардың басын қосты. Алайда, Шымкент намысын қорғаған Байқұт Төлепберген сайыстың алғашқы минуттарынан-ақ өзінің мықты дайындығы мен жеңіске деген қажымас қайратын паш етті.

Спортшы турнир аясында өткізген барлық белдесулерінде қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Оның әдіс-тәсілдерінің дәлдігі мен тактикалық сауаттылығы халықаралық сарапшылар мен жанкүйерлердің жоғары бағасына ие болды. Байқұттың бұл жеңісі — қазақстандық джиу-джитсу мектебінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Байқұт Арманұлы — бүгінде Шымкент қаласындағы №118 Көкбұлақ жалпы орта мектебінің 10-сыныбында білім алады. Ол тек спортта ғана емес, оқуда да үлгілі оқушылардың бірі. Жас чемпионның спортқа деген әуестігі тым ерте басталған. Бала кезінен бастап жекпе-жек өнерінің қыр-сырын меңгеруге ұмтылған ол дзюдо, таэквондо және джиу-джитсу сияқты спорт түрлерімен айналысып, өзін жан-жақты дамытып келеді.

Оның кәсіби спорттағы жолы 10 жасынан бастау алды. Содан бері ол бір күн де жаттығуын үзбей, үнемі ізденіс пен дайындық үстінде жүреді. Тұрақты дайындық пен темірдей тәртіп жас спортшыны түрлі деңгейдегі республикалық және халықаралық бәсекелерде үздік көрсеткіштерге жетеледі.

«Жеңіс — бұл тек татамидегі сәт емес, ол залдың ішіндегі тер төккен сағаттар мен ата-анам мен жаттықтырушымның сенімінің жемісі», — дейді жас спортшы.

Елге алтын медальмен оралған Байқұт Төлепбергенді туған-туыстары, достары мен ұстаздары үлкен мақтанышпен қарсы алды. Десе де, жас чемпион бұл жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Оның алдағы жоспарлары бұдан да ауқымды.

Қазіргі таңда Байқұт алда келе жатқан халықаралық сайыстарға тыңғылықты дайындықты бастап кетті. Оның басты арманы мен алға қойған мақсаты — болашақта Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанның көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету.

Оның бойындағы табандылық пен Отанға деген сүйіспеншілік бұл биік мақсатқа жетуге мүмкіндік беретініне сенім мол. Шымкент қалалық спорт басқармасы мен мектеп ұжымы жас талантқа алдағы жарыстарда тек сәттілік тілеп, оның дамуына барынша қолдау көрсететіндерін жеткізді.

Бөлісу