​Шымкенттік дәрігерлердің 75 күн күресіп 700 грамм салмақтағы сәби аман қалды

0
270

Дәрігердің айтуынша, жыл басынан бері орталықта 38 шақалақ өте төмен салмақта дүниеге келген. Мұндай сәбилердің өмірін сақтау тек кәсіби біліктілік пен заманауи медициналық құралдардың арқасында мүмкін.


​Шымкенттік дәрігерлердің 75 күн күресіп 700 грамм салмақтағы сәби аман қалды

Шымкент қалалық перинаталдық орталығының ақ желеңділері заманауи медицинаның құдіреті мен кәсіби біліктіліктің арқасында кезекті мәрте ғажайып жасады. Дәрігерлер небәрі 705 грамм салмақпен, өте ерте мерзімде дүниеге келген шақалақтың өмірі үшін 75 күн бойы үздіксіз күресіп, жеңіске жетті. Бұл оқиға — ана махаббаты мен дәрігерлердің қажырлы еңбегінің жарқын үлгісіне айналды.

Сәбидің дүниеге келуі жоспарланған мерзімнен әлдеқайда ерте, яғни жүктіліктің небәрі 26-аптасында орын алды. Бұған анасының денсаулығындағы күрделі кінәрат — ауыр дәрежедегі преэклампсия себеп болған. Бұл жағдай ананың да, баланың да өміріне тікелей қауіп төндіргендіктен, дәрігерлер шұғыл түрде босандыру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, салмағы бір келіге де жетпейтін, небәрі 705 грамм болатын кіп-кішкентай шақалақ өмір есігін ашты.

Мұндай өте төмен салмақпен туған балалардың ағзасы өздігінен өмір сүруге дайын болмайды: өкпесі толық жетілмейді, ас қорыту және жүйке жүйелері өте әлсіз келеді. Сондықтан алғашқы секундтардан бастап сәби жоғары технологиялық медициналық көмектің құшағына алынды.

Шақалақтың алғашқы 56 күні перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде өтті. Бұл кезең сәби үшін де, дәрігерлер үшін де ең қиын әрі шешуші сәттер болды. Балақай арнайы кувезде (инкубаторда) ана құрсағындағыдай жылулық пен ылғалдылықты сақтайтын ортада жатты. Оның тыныс алуы мен жүрек соғысы жасанды аппараттардың көмегімен бақыланып, барлық қажетті дәрі-дәрмектер мен қоректік заттар заманауи технологиялар арқылы беріліп отырды.

Дәрігерлер 75 күн бойы сәбидің салмақ қосуын, мүшелерінің дұрыс жетілуін қадағалап, медицинаның соңғы жетістіктерін қолданды. Көптен күткен нәтиже де көп күттірмеді: балақайдың жағдайы тұрақтанып, ол өздігінен тыныс алуға, ана сүтін емге үйренді. Ауруханадан шығар сәтте сәбидің салмағы 2350 граммға жетті. Бұл — бастапқы салмағынан үш еседен астам артық көрсеткіш.

Қалалық перинаталдық орталықтың дәрігер-неонатологы Сапаргүл Қожабаева шала туған балаларды бағудың қаншалықты қиын екенін атап өтті:

— "Аз салмақта туған балалардың өмірін сақтауда ана мен дәрігерлердің қаншама ұйқысыз түндері мен уайымы бар. Біз үшін әрбір баланың аман қалуы – үлкен жеңіс. Шала және өте аз салмақта туған балаларды емдеуде жоғары технологиялық жабдықтар мен заманауи дәрі-дәрмектер қолданылады. Ең бастысы, мұндай күрделі әрі қымбат медициналық көмектің барлығы азаматтар үшін МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесі арқылы тегін көрсетіледі", — дейді маман.

Дәрігердің мәліметінше, Шымкентте неонаталдық қызмет өте жоғары деңгейде дамыған. Жыл басынан бері аталған орталықта 38 шақалақ өте төмен салмақпен дүниеге келген. Олардың басым бөлігі дәрігерлердің кәсібилігі мен мемлекет тарапынан жасалған техникалық жағдайдың арқасында аман қалып, ата-анасына табысталды.

Бүгінгі таңда Шымкенттегі перинаталдық орталықтар заманауи тыныс алу аппараттарымен, инфузиялық сорғылармен және нәрестелерді бақылайтын мониторлармен толық жабдықталған. Мемлекет тарапынан МӘМС жүйесі аясында көрсетілетін қолдаудың арқасында, қарапайым отбасыларға құны миллиондаған теңге тұратын жоғары технологиялық оталар мен ем-домдар қолжетімді болып отыр.


Бөлісу