Мұндай операция несеп тас ауруын емдеудегі алтын стандарт саналады.
Шымкенттік дәрігерлер алғаш рет бүйрек тасын алудың заманауи отасын сәтті орындады.
Қалалық №1 клиникалық аурухананың уролог-дәрігерлері несеп тас ауруына шалдыққан науқасқа перкутандық лазерлік нефролитотрипсия отасын жасап шықты.
36 жастағы науқас ұзақ уақыт бойы АХЖ (аурулардың халықаралық жіктемесі) бойынша несептас диагнозымен есепте тұрған. Бұған дейін бірнеше рет ота жасалғанына қарамастан, дерті асқынып кетеді.
Бұл жолы дәрігерлер заманауи минималды инвазивті әдіс – перкутандық нефролитотрипсияны (PNLT) қолданды. Ота кезінде бүйрек тасы терідегі небәрі 1 сантиметр тілік арқылы алынады. Лазерлік және эндоскопиялық технологияның көмегімен тастар толықтай ұсақталып, жойылады.
Мұндай операция несеп тас ауруын емдеудегі алтын стандарт саналады. Оның басты артықшылығы – отаның орнындағы жарақат үлкен болмайды, ал тиімділігі жоғары. Оңалту мерзімі қысқа өтіп, науқас отадан кейінгі күні өздігінен жүріп-тұра алады. Қалалық №1 клиникалық ауруханада алғаш рет жасалған бұл ота Шымкентте урологиялық қызметтің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.


