Мамандар көміртек тотығының адамға байқалмайтын қауіпті газ екенін ескертіп, тұрғын үйлерге көміртек тотығы датчиктерін орнатудың маңыздылығын атап отыр.
Шымкент қаласында жылыту маусымындағы өрттердің алдын
алу жұмыстары күшейтілетін болады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласында жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың улы газдан улануының алдын алу бағытындағы жұмыстар бойынша Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау майоры Олжас Бақтиярұлы мәлімдеді.
2025 - 2026 жылғы жылыту маусымында қаладағы тұрғын үй секторында 70 өрт тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы маусымдағы 109 өртпен салыстырғанда 35,8 пайызға төмен. Талдау нәтижесінде өрттердің негізгі себептері күннің күрт сууы, жылыту пештері мен жабдықтарының ақаулығы және қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен байланысты болғаны анықталған.
2026 - 2027 жылғы жылыту маусымында профилактикалық жұмыстарды одан әрі күшейту жоспарланып отыр. 2026 жылғы 10 тамызда қала әкімінің орынбасары Б.С. Беркімбаевпен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Биыл әсіресе әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне мекенжайлық профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, 1 208 отбасының жылыту жүйелерінің қауіпсіздігіне назар аударылады. Тұрғындарға пештерді, газ қазандықтарын, су жылытқыштарды, түтін мұржалары мен желдету жүйелерін қауіпсіз пайдалану талаптары түсіндіріледі.
Мамандар көміртек тотығының адамға байқалмайтын қауіпті газ екенін ескертіп, тұрғын үйлерге көміртек тотығы датчиктерін орнатудың маңыздылығын атап отыр. Сонымен қатар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге және басқа да әлеуметтік осал азаматтарға басымдық беріледі. Қауіпсіздік талаптарын сақтау - өрттің және улы газдан уланудың алдын алудың негізгі шарттарының бірі. Тұрғындар жылыту жабдықтарын алдын ала тексеріп, түтін мұржалары мен желдету жүйелерінің жарамдылығына көз жеткізуі қажет. Қауіп туындаған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласу керек.


