Шымкентте жасөспірімдер арасында тұңғыш волейбол лигасы бастау алды

0
197


Шымкентте жасөспірімдер арасында тұңғыш волейбол лигасы бастау алды
ERNUR.KZ. Шымкент қаласында жасөспірімдер арасындағы волейболдан алғашқы қалалық лигасы бастау алды. Спорттың дамуына серпін беретін бұл ауқымды іс-шара жаңадан пайдалануға берілген №12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің заманауи спорт кешенінде өтті.

Салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қатысып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың ресми басталуына жол ашты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай да жасөспірімдерге жүрекжарды тілегін арнап, олардың спортқа деген ынтасы мен құлшынысын арттыра түсті.

Турнирге бастамашы болған қоғам белсендісі Бақытжан Көпбаев бұл лига келешекте республикалық, тіпті халықаралық деңгейге дейін көтеріледі деген сенімін білдірді. Жарысқа қолдау білдірген азаматтар – Бағлан Көпбаев пен Мирсалиев Миролим салтанатты түрде алғыс хаттармен марапатталды.

Бұл — еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жасөспірімдерге арналған волейбол лигасы. Додаға қаламыздағы түрлі спорт мектептері мен жеке волейбол клубтарынан құралған 10 команда қатысуда.

Аталған турнир Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен және «Royal Motors Auto» ЖШС автосалонының демеушілігімен өткізіліп отыр. Жарыс кезеңдері тамыз айына дейін жалғасып, әр апта сайын қызықты әрі тартысты ойындар өтетін болады. Жүлде қоры — 1 миллион теңге.

Турнирдің түпкі мақсаты – өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын оятып, волейбол спортын кеңінен дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Алдағы уақытта бұл дода тұрақты форматта өткізіліп, дәстүрлі турнирге айналмақ.