Шымкентте жаңа айналма автомобиль жолының құрылысы басталды

0
155

Жаңа айналма жол көлік ағынын тиімді бөлуге, қаланың жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға және оған іргелес аумақтарды дамытуға мүмкіндік береді.


Шымкентте жаңа айналма автомобиль жолының құрылысы басталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында ұзындығы 50 шақырым болатын жаңа айналма автомобиль жолының құрылыс алаңында капсула салу рәсіміне қатысты.

Төрт жолақты магистраль Алматы–Термез автомобиль жолы арқылы қалаға кіреберісті Солтүстік айналма жолмен және Ташкент бағытына шығатын жолмен байланыстырады.
Жаңа жол Алматы–Ташкент бағыты бойынша өтетін халықаралық және республикалық транзиттік көлік ағынын қала аумағынан тыс бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл негізгі көшелерге түсетін жүктемені азайтып, қала ішіндегі жүк көліктерінің қозғалысын төмендетуге және жол қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Жоба аясында интеллектуалды көлік жүйелері мен қажетті инженерлік инфрақұрылым қарастырылған. Құрылыс кезеңінде 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 100 маман тұрақты қызмет көрсетеді.
Жаңа айналма жол көлік ағынын тиімді бөлуге, қаланың жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға және оған іргелес аумақтарды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл аумақтарда өндірістік, логистикалық, сауда және сервистік нысандарды орналастыруға жағдай жасалады.
Сонымен қатар магистраль Түркістан облысындағы туристік бағыттармен, оның ішінде таулы аймақтармен көлік қатынасын жақсартып, өңіраралық туризмнің дамуына қосымша мүмкіндік береді.
Жаңа жол Шымкенттің көлік-логистикалық жүйесін дамытудағы маңызды инфрақұрылымдық жобаға айналып, қаланың транзиттік әлеуетін арттыруға және одан әрі экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
Бөлісу