Инфрақұрылымдық қолдау бағытында 45 мың шаршы метр аумақты қамтитын үш шағын өндірістік алаңның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл алаңдарда 50-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Соңғы үш жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға дейін өссе, бұл секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 250 мың адамнан асты.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады.
«Шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының басты тіректерінің бірі. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға 20 млрд теңге бағытталып, нәтижесінде 1 971 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өндірістік әлеуеттің артуына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңірлік өнім көлеміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 41 пайыздан 58 пайызға дейін өсті», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Әкімнің айтуынша, инфрақұрылымдық қолдау бағытында 45 мың шаршы метр аумақты қамтитын үш шағын өндірістік алаңның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл алаңдарда 50-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Сонымен бірге, Шымкент қаласында бөлшек салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілген. Осы шешімнің нәтижесінде салық түсімдері 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге дейін артты. Жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен жеңілдікке ие болатын кәсіпкерлер саны 8 мыңнан 102 мыңға дейін ұлғаяды деп күтілуде.


