Шымкентте сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігі тексерілуде

0
142

Учаскеге мүмкіндігі шектеулі азамат арнайы барып, дауыс беру кезінде өзіне қажетті жағдайлармен танысты.


Шымкентте сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігі тексерілуде

Шымкентте сайлау учаскелерін дауыс беруге қатысатын барлық азаматқа қолайлы етуге басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта №149 жалпы білім беретін мектепте орналасқан №358 сайлау учаскесінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қаншалықты ыңғайлы екені алдын ала пысықталды.

Учаскеге мүмкіндігі шектеулі азамат арнайы барып, дауыс беру кезінде өзіне қажетті жағдайлармен танысты. Мектеп ғимаратына кіріп-шығу, учаске ішінде еркін қозғалу, дауыс беру кабинасына жету мүмкіндігі қаралды. Пандустардың талапқа сәйкестігі, есік ойықтарының кеңдігі мен табалдырықтардың қолайлы болуы да назарға алынды.
Көру қабілеті төмен азаматтар үшін де қажетті жағдай жасалған. Учаскеде Брайль қарпімен жазылған ақпараттық тақтайшалар мен арнайы белгілер орнатылған. Дауыс беру кабиналары қосымша жарықтандырылып, үлкейткіш әйнектермен жабдықталған.
№358 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Нұржан Айтимбетовтің айтуынша, сайлау учаскесінің қолжетімділігі тек техникалық талаптармен шектелмейді. Комиссия мүшелерінің азаматтарға дұрыс көмек көрсете білуі де маңызды.
«Әр азамат сайлау учаскесіне келгенде өзін еркін әрі қауіпсіз сезінуі керек. Сондықтан біз үшін пандустың немесе арнайы жабдықтың болуы ғана емес, комиссия мүшелерінің кез келген сайлаушыға қажетті жағдайда сауатты көмек көрсете алуы да маңызды», – деді Нұржан Айтимбетов.
Комиссия мүшелері мүмкіндігі шектеулі азаматтармен дұрыс қарым-қатынас жасау және қажет болған жағдайда көмек көрсету бойынша арнайы нұсқамадан өткен. Бұдан бөлек, мектептің фойесіне дауыс беру тәртібі туралы ақпаратты аудио форматта тыңдауға мүмкіндік беретін QR-код орналастырылған.
Сайлау күні қозғалысы шектеулі азаматтарды учаскеге жеткізу үшін «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Арнайы көлік тұрғындарды сайлау учаскесіне тегін жеткізіп, дауыс бергеннен кейін кері апарады. Ал денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үйде дауыс беру мүмкіндігін пайдалана алады.
Қазір мұндай жұмыстар Шымкенттің барлық ауданында жүргізілуде. Сайлау басталғанға дейін учаскелердің дайындығы кезең-кезеңімен тексеріліп, олардың қолжетімділігіне қатысты мәселелер пысықталады. Бұл жұмысқа мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері де тартылмақ.