Шымкентте өткен қалалық жәрмеңкеде 105 тұрғын жұмысқа жолдама алды

0
84

Жәрмеңкеде биыл 400 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік қайтарымсыз грант алған азаматтар ішінен 60-қа жуық кәсіпкер өз өнімдерін таныстырды.


Шымкентте өткен қалалық жәрмеңкеде 105 тұрғын жұмысқа жолдама алды

Шымкент қаласында 2025 жылдың 18 қарашасында Қала әкімінің тапсырмасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» бастамасы аясында «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты ауқымды қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Көрме» орталығында өткен іс-шара нәтижесінде 105 адам бірден жұмысқа жолдама алды.

Бұл әлеуметтік маңызы бар іс-шараның қорытындылары туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек баяндады.

Жәрмеңкеге жалпы саны 700-ден астам адам қатысты. Бұл іс-шараның басты ерекшелігі – әлеуметтік осал топтардың өкілдерін жұмыспен қамтуға басымдық беруі. Жәрмеңкеге пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, мүгедектігі бар адамдар және берешегі бар азаматтар арнайы шақырылды. Олар жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, өздеріне қолжетімді бос жұмыс орындары бойынша жан-жақты ақпарат алды.

Сондай-ақ, биыл 400 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік қайтарымсыз грант алған 60-қа жуық кәсіпкер өз өнімдерін таныстырып, өндірістік орындарына қызметкерлер іздеді.

«Еңбек – өмірдің тұтқасы» жәрмеңкесі тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға нақты қолдау көрсетті. Жәрмеңке қорытындысы бойынша:

  • 86 адам тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
  • 19 адам субсидияланатын жұмыс орындарына (алғашқы жұмыс орны, қоғамдық жұмыс, жастар практикасы) жолдама алды.
  • 60 адам enbek.kz порталы арқылы «жұмыс іздеуші» ретінде тіркелуге кеңес алды.
  • 56 адам ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша толық түсіндірме алды.
  • 12 адам кәсіптік оқытуға өтініш білдіруге мүмкіндік алды.
  • 32 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грантқа өтініш білдіруге бағытталды.

Бұл кешенді жәрмеңке еңбек нарығындағы белсенділікті арттырып, Шымкент тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тиімді платформа болды. Қала әкімдігі мұндай іс-шараларды тұрақты өткізу арқылы жұмыссыздықты азайтуды көздейді.

Бөлісу