​Шымкентте медицина қызметкерлеріне анадан балаға берілетін инфекциялардың алдын алу бойынша дәріс өтті

0
26

Семинардың негізгі бөлігі анадан балаға жұғатын қауіпті аурулардың алдын алу шараларына арналды. Мамандар жүкті әйелдерді уақытылы тексерудің, ерте диагностикалаудың және тиісті емдеудің маңыздылығын атап өтті.


​Шымкентте медицина қызметкерлеріне анадан балаға берілетін инфекциялардың алдын алу бойынша дәріс өтті

АИТВ, мерез және С гепатитінің анадан балаға берілуінің профилактикасы – ана мен бала денсаулығын қорғауда аса маңызды бағыттардың бірі. Осы тақырып аясында Шымкент қаласындағы «Қазығұрт» медициналық орталығында медицина қызметкерлеріне арналған оқу-әдістемелік семинар ұйымдастырылды.

Шара Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының 28.01.2025 ж. №29-н/қ бұйрығын орындау мақсатында «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының мамандарының қатысуымен өтті.

Семинар барысында дәрігерлерге Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің АИТВ инфекциясы бойынша қабылдаған бірқатар бұйрықтары мен әдістемелік ұсынымдары түсіндірілді. Атап айтқанда, ҚР ДСМ-нің «Әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» талаптары, сондай-ақ №303/2020 бұйрық негізінде қосымша және формальды емес білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары талқыланды. Бұл құжаттар медициналық мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге, жаңа білім мен тәжірибелерді ресми түрде тануға мүмкіндік береді.

Семинардың негізгі бөлігі анадан балаға жұғатын қауіпті аурулардың алдын алу шараларына арналды. Мамандар жүкті әйелдерді уақытылы тексерудің, ерте диагностикалаудың және тиісті емдеудің маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, антиретровирустық терапияны тұрақты қабылдау мен медициналық бақылаудың тиімділігі кеңінен түсіндірілді.

Сонымен қатар, «АӨА және ХНТ стигма және кемсітушіліктер», «АИТВ инфекциясын диагностикалау, алдын алу және емдеу», сондай-ақ қосымша аурулармен бірге жүргізілетін емдеу әдістері тақырыптары қарастырылды. Медициналық қызметкерлерге нақты клиникалық жағдайлар мысалында кеңестер беріліп, тәжірибелік ұсыныстар ұсынылды.

Шараға қатысқан дәрігерлер үшін мұндай семинар кәсіби тәжірибені жетілдірудің, сонымен бірге пациенттерге сапалы қызмет көрсетудің маңызды құралы болып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да Шымкенттегі медициналық орталықтарда осындай оқу-әдістемелік дәрістер жалғасатын болады. Бұл өз кезегінде ана мен бала денсаулығын қорғауға, инфекциялық аурулардың таралуын азайтуға және қоғамдағы медициналық мәдениетті арттыруға ықпал етпек.

Бөлісу