Мамандарға АИТВ-ның алдын алуда жүкті әйелдерге уақытылы скрининг жүргізудің, ерте анықтаудың және антиретровирустық терапияны дұрыс қолданудың маңызы кеңінен түсіндірілді. Бұл тәсіл ана мен баланың өмірін қорғауда, сондай-ақ аурудың таралу қаупін азайтуда шешуші рөл атқаратыны атап өтілді.
Шымкент қаласында ана мен баланың денсаулығын қорғауға және медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуін алдын алу тақырыбы аясында ЖШС «Өркен-Мед» медициналық орталығының мамандарына әдістемелік дәріс өткізілді.
Іс-шара Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының 28.01.2025 ж. №29-н/қ бұйрығы аясында өтті. Дәрісті Шымкент қаласының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының эпидемиолог дәрігері Фатима Абдиева жүргізді.
Дәріс барысында медицина қызметкерлеріне ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің АИТВ инфекциясы бойынша бірқатар маңызды нормативтік құжаттары таныстырылды. Оның ішінде №211/2020, №204/2020 бұйрықтары, ДСМ-6 формасы, №313 Ф№2, №39 әдістемелік ұсынымдары және «Стигма мен дискриминацияны болдырмау» бағытындағы нұсқаулықтар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар ҚР ДСМ №303/2020 бұйрығы негізінде денсаулық сақтау мамандарының қосымша және бейресми білім алу жүйесінің талаптары мен нәтижелерін тану қағидалары талқыланды.
Дәрісте медицина қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесіне тікелей әсер ететін бірнеше тақырып қамтылды. Атап айтқанда, «Стигма және кемсітушіліктің алдын алу», «АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуін болдырмау жолдары», сондай-ақ «АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдардың ВГС (вирустық гепатит С) бойынша сұрақтары» қарастырылды.
Мамандарға АИТВ-ның алдын алуда жүкті әйелдерге уақытылы скрининг жүргізудің, ерте анықтаудың және антиретровирустық терапияны дұрыс қолданудың маңызы кеңінен түсіндірілді. Бұл тәсіл ана мен баланың өмірін қорғауда, сондай-ақ аурудың таралу қаупін азайтуда шешуші рөл атқаратыны атап өтілді.
Шара соңында дәріске қатысқан барлық медицина қызметкерлеріне сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай әдістемелік қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын, бұл өз кезегінде медицина саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға және АИТВ инфекциясының таралуына жол бермеуге ықпал ететінін жеткізді.