Шымкентте картоп бағасы тұрақтандырылды

0
113

Шымкент қаласында картоп тапшылығы байқалмайды және тұрғындар өнімді қолжетімді бағамен ала алады.


Шымкентте картоп бағасы тұрақтандырылды

Шымкент қаласында тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен, оның ішінде картоппен, қолжетімді бағада қамтамасыз ету және нарықтағы бағаның тұрақсыздығын болдырмау мақсатында қала әкімдігі тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қалалық билік нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін «айналым механизмін» іске қосты. Бұл механизмнің арқасында жетекші сауда желілерінде картоп бекітілген баға – 180 теңгеден сатыла бастады, бұл нарықтағы жоғары бағаның салдарынан туындаған әлеуметтік шиеленісті азайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Бұл бағаны тұрақтандыру жұмыстарының барысы туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек толығырақ айтып берді.

Қала әкімінің орынбасарының мәліметінше, «айналым механизмі» аясында жергілікті және республикалық шаруа қожалықтарымен 21 мың тонна картопқа келісім-шарт жасалған. Бұл көлем қала тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етуге және бағаның тұрақтылығын ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Осы келісім-шарттар аясында ірі көлемдегі картоп қаланың тұрақтандыру қорына енгізіліп, арнайы сауда орындары арқылы нарықтық бағадан төмен бағамен сатылуда.

Айта кетерлігі, Шымкент қаласының климаттық және географиялық ерекшеліктеріне байланысты, қажетті көлемдегі картоп негізінен Павлодар және Қарағанды облыстары сияқты солтүстік өңірлерден жеткізіледі. Сондықтан, картоптың қаладағы түпкілікті бағасы тікелей өндіруші өңірлердегі өнімге, логистикаға және жалпы нарықтық жағдайға тікелей тәуелді болып отыр. Қазіргі таңда бұл аймақтардағы жеткізу бағасының өсуіне байланысты, қаладағы көкөніс базарларында бөлшек саудада картоп бағасы 200–270 теңге аралығында сатылуда.

Алайда, қала әкімдігінің уақтылы қабылдаған шараларының және «айналым механизмі» арқылы тұрақты жеткізілімді қамтамасыз етуінің нәтижесінде, Шымкент қаласында картоп тапшылығы байқалмайды. Тұрғындар «айналым механизмі» енгізілген сауда желілері мен арнайы әлеуметтік дүкендер арқылы өнімді қолжетімді, бекітілген 180 теңге бағамен ала алады. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп, бағаны тұрақтандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорын толықтыру мәселесі қалалық әкімдіктің тұрақты бақылауында болады.

Бөлісу