Шымкент қаласында қаланың басты жаңажылдық шыршасының шамдарын жағу салтанаты өтті. Алғаш рет осындай форматта ұйымдастырылған мерекелік іс-шара «Астана» алаңында өтіп, оған мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтары жиналды. Салтанатты шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жыл сайын бұл символдық шара мегаполис тұрғындары мен қонақтарын біріктіріп, қуаныш, жылулық пен Жаңа жылды күту сезімін сыйлайды. Айта кетейік, жаңажылдық шыршалар қаладағы бес ауданында бір мезгілде жағылды: Еңбекші ауданында – «Алатау» саябағында, Әл-Фараби ауданында – Арбатта, Тұран ауданында – «Достық үйі» аумағында, Абай ауданында – «Наурыз» алаңында және Қаратау ауданында – «Астана» алаңында.
Бұл кеште «Астана» алаңы шын мәнінде мерекелік кеңістікке айналып, қала тұрғындарының басты тартылыс орталығы болды. Әсем жарықтандыру, ойластырылған тақырыптық безендіру мен мазмұнды ойын-сауық бағдарламасы алаңды ертегі әлеміндей атмосфераға бөледі. Кішкентай қонақтар үшін түрлі аттракциондар дайындалып, аумаққа 80-нен астам шырша орнатылды, бұл қысқы мерекенің әсерін күшейте түсті.
Негізгі салтанат басталардан бір сағат бұрын мәнерлеп сырғанаудан көрсетілімдік қойылымдар өтті. Мұз айдынында халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері өз өнерлерін көрсетті. Бағдарламада қысқа және еркін бағдарламалар, сондай-ақ мұздағы топтық би қойылымдары қамтылып, олар мерекелік кештің жарқын бастамасына айналды.
Кештің шарықтау шегі жергілікті және танымал отандық өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама болды. Көрермендер әртістерді ерекше ықыласпен қарсы алды. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Шымкентте алғаш рет ашық аспан астындағы мұз айдындары ашылғанын атап өткен жөн.
Бұл бастама қысқы демалыс аймақтарын жайлы етуге бағытталып, қала тұрғындарының көпшілігіне белсенді қысқы демалыспен айналысуға және таза ауада уақыт өткізуге мүмкіндік берді. Алдағы күндері қалада тұрғындар мен қонақтардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және мерекелік көңіл күй қалыптастыруға бағытталған түрлі мәдени және ойын-сауық шаралары өтеді.


