Мерекелік шара аясында бүлдіршіндер сурет, қолөнер, би және вокал бағыттарында өз өнерлерін көрсетіп, саябақты ертегі әлеміне айналдырды.
ERNUR.KZ. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкент қаласының Орталық саябағында «Bala Shym» өнер фестивалі өтті.
Мерекелік шара аясында бүлдіршіндер сурет, қолөнер, би және вокал бағыттарында өз өнерлерін көрсетіп, саябақты ертегі әлеміне айналдырды.
Шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, балалардың шығармашылығы мен жетістіктерін жоғары бағалады.
-Балалар – біздің болашағымыздың кепілі. Мемлекетіміз бала шыр етіп дүниеге келгеннен ержетіп өскенге дейін бар жағдайын жасап отыр. «Келешек депозиті» сынды мемлекеттік бағдарламалар – балалардың өмірін жақсартуға, олардың білім мен шығармашылыққа құштарлығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі мерекелік шара да балалар үшін, – деді Сәрсен Абайұлы.
Сондай-ақ, Сәрсен Абайұлы спорттық жетістіктерімен көзге түскен оқушыларды марапаттап, ақшалай сертификаттар табыстады. Бұл – олардың еңбегіне берілген әділ баға әрі болашақ табыстарға шабыт берер серпін болды.
Осылайша, «Bala Shym» фестивалі балаларға қуаныш сыйлап, өнерге деген ынтасын оятуға ықпал етті.