Қала бойынша нормативтік жылу шығыны 24 пайыздан 9 пайызға дейін төмендеді. Әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандықты модернизациялау жобасы 46 мыңнан астам абоненттің сапалы жылумен қамтылуына әсер етеді.
Шымкент қаласында биыл Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран шағын аудандарында шамамен 11 мың адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Демеушілердің қолдауымен Текесу және Айкөл елді мекендеріне 32 шақырым су құбырлары тартылып, орталықтандырылған жүйеге қосылды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.
«Электрмен қамту аясында 13 мыңға жуық тұрғын сапалы электр энергиясына қосылды. «Ақжар» қосалқы станциясы пайдалануға берілді. Қазығұрт қосалқы станциясының қуатын арттыру 40 мыңға жуық тұтынушы мен өндіріс орындарын үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Газбен қамтуда 25 мыңға жуық тұрғын қосылды. Нәтижесінде қала тұрғындарының 99,9 пайызы ауыз сумен, 100 пайызы электрмен, 98 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілді», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Қала әкімінің айтуынша, «Пергам» жылжымалы қондырғысы арқылы 107 шақырым құбырдан 67 ақау анықталып, жойылған. Жылумен қамтуда акустикалық резонанс пен жасанды интеллект көмегімен 2,3 шақырым құбырға диагностика жүргізілді. Бұл тәсіл жөндеу шығындарын 75 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қала бойынша нормативтік жылу шығыны 24 пайыздан 9 пайызға дейін төмендеді. Әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандықты модернизациялау жобасы 46 мыңнан астам абоненттің сапалы жылумен қамтылуына әсер етеді.
Түнгі жарықтандыру бойынша соңғы екі жылда 4 686 көше жарықтандырылды, ал жыл соңына дейін қаланың барлық көшелері 100 пайыз жарықтандырылуы жоспарланып отыр.


