Әдеби байқауға жиналған көрерменнің көңілі толды. Себебі жыр сүйер қауымның басым бөлігі Әселхан ақынның айтыстарын тамашалап, оның өлеңдерімен сусындап өскен. Сондықтан Отырардың қасиетті топырағынан шыққан осы дара тұлғаның шығармашылығы әрбір қазақ жүрегіне оттай ыстық.
Шымкент қаласында «Мөлдіреген жыр сезім» атты мүгедектігі бар азаматтар арасындағы республикалық әдеби байқау өткізіліп, өнерпаздардың өмірге құштарлығы мен шығармашылыққа деген ерекше ынтасы тыңдарман қауымды ерекше толқытты. Бұл мәдени шара Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекованың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған болатын.
Еліміздің барлық аймақтарынан жиналған көркем сөз шеберлері, яғни ерекше жандар, аяулы ақынның жырларын жатқа оқу арқылы нағыз жыр додасын қыздырды. Әр облыстан іріктеліп келген 13 ақындық дарыны бар қатысушы өз шеберліктерін паш етіп, сахна төрінде өлең сөздің құдіретін көрсетті.
Шараның мақсаты мен мәнін “Шалқар шабыт” мүгедектер қоғамдық бірлестігінің шығармашылық жетекшісі Ербек Бакиев айтып өтті. Оның сөзінше, бұл шараның негізгі мақсаты – өмірге құштар, өлеңге құштар ақындарды сахнаға шығару, олардың өлеңдерін ел алдында насихаттау болған. «Біз әр жыл сайын қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармаларын насихаттаудамыз. Биылғы жыл халқына адал қызмет еткен Әселхан анамызға арналып отыр», – деді Ербек Бакиев.
Әдеби байқауға жиналған көрерменнің көңілі толды. Себебі жыр сүйер қауымның басым бөлігі Әселхан ақынның айтыстарын тамашалап, оның өлеңдерімен сусындап өскен. Сондықтан Отырардың қасиетті топырағынан шыққан осы дара тұлғаның шығармашылығы әрбір қазақ жүрегіне оттай ыстық.
Айта кетерлігі, мұндай маңызды әдеби кешке Әселхан Қалыбекованың ұрпақтары да арнайы келіп, көрермендер сапынан табылды. Олар анасының атын атап, өнерін ұлықтаған ерекше жандарға шынайы алғыстарын білдірді.
Әселхан Қалыбекованың қызы Фариза Құрманбек өз сөзінде ерекше әсерде болғанын жасырмады. «Бұл кісілерді ерекше жаратылған деп айтамыз ғой. Сол кісілердің ынтасымен, жүрек қалауымен оқылып жатқан өлеңдер ерекше әсерге бөледі. Әсіресе, анамның «Отырардың аспаны», «Ө. Жәнібековке арнау», «Репрессияға ұшыраған жандардың монологы» сияқты жырларының әрқайсысы бір тарихты, бір философияны қамтиды», – деді ол.
Байқауға қатысушылардың ешқайсысы да құр қол қайтпады. Қатысушыларға ынталандыру сыйлығынан бөлек, үздік деп танылған жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлықтар бөлінген. Ең бастысы, өмірге деген құштарлығы шексіз ерекше жандар қазақ халқының халық ақынының жырларының мәңгілік екендігін және өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, рухани байлықтың баға жетпес екенін көрсетті.


