Күдіктіден «мефедрон» психотроптық заты салынған орамалар тәркіленді.
Шымкент қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында мегаполис аумағында психотроптық заттарды таратумен айналысқан Петропавл қаласының тұрғынын қолға түсірді.
Анықталғандай, күдікті сәуір айының соңында Шымкентке келіп, заңсыз әрекетін жасыру мақсатында тәуліктік пәтерлер жалдап, мекенжайын жиі ауыстырып отырған. Ол есірткі салынған орамаларды арнайы жасырын орындарға қалдырып, координаттарын мессенджер арқылы бөлісіп отырған.
Тексеру барысында күдіктіден «мефедрон» психотроптық заты салынған орамалар тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 75 граммды құрады, құны 2,5 миллион теңгеге жуық.
Ер адам «курьерлік жұмыс» туралы ұсынысты хабарландыру сайттарының бірінен тапқан. Жеңіл табыс ретінде ұсынылған бұл жұмыстың шын мәнінде есірткі таратумен байланысты екені анықталды.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Полиция азаматтарға есірткінің заңсыз айналымына қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Тәртіп сақшылары тұрғындарды интернеттегі күмәнді «жеңіл табыс» ұсыныстарына алданбауға шақырады.


