Шымкентте АӘК тағайындау тетігі жөніндегі мониторинг нәтижелері жарияланды

0
89

Еңбек мобильдігі орталығының ассистенттері учаскелік комиссиялармен бірге атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген азаматтардың тұрмыстық ахуалын зерделеуге қатысады.


Шымкентте АӘК тағайындау тетігі жөніндегі мониторинг нәтижелері жарияланды

Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету бойынша жүргізілген жұмыстар аясында Мансап орталығы мен жергілікті органдардың міндеттері нақты бекітілді. Бұл жүйе мұқтаж азаматтарды тек қаржылай қолдаумен ғана емес, оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу арқылы тұрақты өмір сүруге бағыттауды көздейді.

Бұл кешенді жұмыс барысы мен тексеру нәтижелері туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек баяндап берді.

Қолданыстағы қағидаға сәйкес, АӘК-ке өтініш білдірген әрбір азамат үшін Мансап орталығы жеке жоспар әзірлейді. Азаматпен әлеуметтік келісімшарт жасайды.

Бұл келісімшарт бойынша мамандарға келесідей міндеттер жүктеледі:

  • Азаматтарға жан-жақты кеңес беру.
  • Қажетті құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдесу.
  • Жұмыс іздеу процесіне бағыттау және әлеуметтік бейімдеу шараларын ұсыну.
  • Барлық кезеңде азаматты бірге алып жүру.
  • Жеке жоспардың орындалу барысына ай сайын мониторинг жүргізу.

АӘК-тің мақсатты жұмсалуын және оған іс жүзінде мұқтаж адамдардың ғана алуын қамтамасыз ету үшін Еңбек мобильдігі орталығының ассистенттері учаскелік комиссиялармен бірге өтініш білдірген азаматтардың тұрмыстық ахуалын зерделеуге қатысады. Сондай-ақ, Еңбек ресурстарын мониторингілеу бөлімінің мамандары да тексеру жұмыстарын жүзеге асырады.

Тексеру нәтижелері бойынша күрделі мәселелер анықталған. Зерделеу барысында 546 жеке кәсіпкерден 1208 азаматтың 85 000 теңге жалақымен жұмыс істейтіні туралы бұйрық көшірмелерін тапсырғаны анықталды. Алайда, Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, осы азаматтардың ішінен 314 жеке кәсіпкерде тіркелген 545 азаматтың шын мәнінде жұмыс істемейтіні белгілі болды. Бұл дегеніміз, жұмыс орны туралы жалған мәлімет берілген. Мониторинг тобының тексерісі кезінде 13 жұмыс берушіде тіркелген 34 азаматтың жұмыс орнынан табылмауы да расталды.

Қалыптасқан жағдайға байланысты, бұл отбасыларға жалған мәлімет бергені үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тарту туралы шешімдер дайындалып жатыр. Қала билігі АӘК-ті алудағы академиялық адалдық қағидатын сақтауға және мемлекеттік қаражаттың шынайы мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз етуге басымдық береді.

Бөлісу