Кездесу барысында мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудың маңыздылығы, сондай-ақ кереғар діни ағымдардың ықпалынан сақтану мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Шымкент қаласындағы Аймақтық-инновациялық университетінде студент жастармен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – этносаралық татулықты нығайту, жалпыұлттық бірлік құндылықтарын дәріптеу және жастар арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.
Кездесу барысында мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудың маңыздылығы, сондай-ақ кереғар діни ағымдардың ықпалынан сақтану мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру, әлеуметтік желілерде ақпарат тарату кезінде жауапкершілік таныту, жалған ақпараттарға сыни көзқараспен қарау және арандатушылық сипаттағы жарияланымдарға жол бермеу қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық және діни алауыздықты қоздырудың құқықтық салдарына тоқталып, мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында қылмыстық жауапкершілік көзделгені түсіндірілді.
Кездесуге Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің сарапшысы М. Бесбаева және Дін істері басқармасы жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ-нің теолог маманы Р. Қыпшақбаев қатысты.
Мамандар жастардың сұрақтарына жауап беріп, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, өзара құрмет пен жауапкершілік қағидаттарын ұстану әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.


