“Оның қалай кеткенін ешкім көрмеген“: Теміртауда үш баланың анасы өлі табылды

0
81

Әйелдің сүйегі 13 қарашада ол тұрған Теміртау қаласынан 22 шақырым жерден табылған.


“Оның қалай кеткенін ешкім көрмеген“: Теміртауда үш баланың анасы өлі табылды

Ирина Керн. Суретті жоғалған адамның туыстары ұсынған

ERNUR.KZ. Қарағанды облысында екі айға жуық уақыт іздестірілген 38 жастағы Ирина Керннің сүйегі табылды. Кісі өлтірді деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталды, деп жазады tengrinews.kz.

Полицияның мәліметінше, әйелдің сүйегі 13 қарашада ол тұрған Теміртау қаласынан 22 шақырым жерден табылған. Тексеріс барысында зорлықпен өлім белгілері анықталған.

"Полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы ер адамды ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.

Кісі өлтіру дерегі бойынша соталды тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы Қарағанды облысы Полиция департаменті басшылығы бақылауында.

Еске салайық, Ирина Керн екі айға жуық уақыт бойы іздестірілді. Оны соңғы рет Энергетиктер көшесіндегі үйден байқаған.

Әйел жоғалар алдында не болды?

Марқұмның әпкесінің айтуынша, 20 қыркүйекке қараған түні Ирина мен оның азаматтық некедегі жолдасы арасында жанжал шыққан.

"Ирина бірге тұратын ер адаммен сөзге келіп қалған. Сол кезде үйде оның ұлы мен барар жері болмағандықтан, өзі паналатқан 19 жастағы жетім жігіт болған. Олардың айтуынша, таңғы сағат алты шамасында үй іші тынышталып, есік тарс жабылған. Олар оянғанда, Ирина үйде жоқ еді. Оның үйден қалай кеткенін сол жерде болғандардың ешқайсы көрмеген", – деді Анастасия.

Ол жоғалғаннан кейін туыстары өз бетінше іздей бастаған. Олар Иринаның таныстарына қоңырау шалып, ол болуы мүмкін жерлерді тексерген және сол түні не болғанын түсінуге тырысқан. Әйел жоғалғаны туралы ресми арыз полицияда тек 2 қазанда тіркелді. Марқұмның артында үш баласы қалды.