«Қаржы пирамидасы. Интернет-алаяқтық. Өзіңізді қалай қорғауға болады?»
Қазіргі таңдағы күрделі мәселелердің бірі – алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қою. Әсіресе, егде кісілерді заңсыз әрекеттерден сақтандыру өзекті болып тұр.
Осыған орай Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары қарт кісілерге ашық форум өткізді. «Белсенді өмір орталығында» өткен жиынға 200-ден астам зейнеткер және қала тұрғындары қатысты.
«Қаржы пирамидасы. Интернет-алаяқтық. Өзіңізді қалай қорғауға болады?» тақырыбында өткен форумда интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларының белгілері, олардан қорғану жолдары айтылып, сақтық шаралары түсіндірілді. Қатысушыларға арнайы бейнеролик көрсетіліп, мамандар қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша пайдалы ақпарат бөлісті.
Сонымен бірге, концерттік бағдарлама мен аға буын өкілдерінің флешмобы ұйымдастырылды.
Форум соңында белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.


