Тексеру нәтижесі бойынша нысанның ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заң талаптарын сақтамай реконструкцияланғаны белгілі болды. Осыған байланысты «Shinar» тойханасының қызметі тоқтатылды.
Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында, М.Жалил көшесінде орналасқан «Shinar» салтанат сарайына жүргізілген тексеру барысында ірі көлемдегі заңбұзушылықтар анықталып, нысанның қызметі тоқтатылды. Бастапқы құрылыс жобасы мен іс жүзіндегі пайдалану мақсаты арасындағы сәйкессіздіктер қалалық бақылау органдарының назарына ілікті.
Бұл тәртіп бұзушылық туралы және қабылданған шаралар туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек толығырақ айтып берді.
Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары жүргізген тексеру барысында мынадай фактілер анықталды. Нысан бастапқыда 1 қабатты шайхана ретінде пайдалануға қабылданған. Алайда, меншік иесі тиісті рұқсат құжаттарын алмастан, оны толығымен қайта құрылыс жасап, 2 қабатты салтанат сарайына (тойханаға) айналдырып келген.
Тексеру нәтижесі бойынша «Shinar» тойханасының ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының талаптарын сақтамай, заңсыз реконструкцияланғаны белгілі болды. Осыған байланысты, қала басқармасы «Shinar» салтанат сарайының жұмысын дереу тоқтату туралы шешім қабылдады.
Қала әкімінің орынбасары өз сөзінде қала тұрғындарына ескерту жасап, қала мәдениеті мен қауіпсіздігін сақтау – ортақ жауапкершілік екендігін атап өтті.
Кез келген құрылыс немесе қайта жаңғырту жұмыстары тек заң аясында және тиісті рұқсат құжаттары негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Рұқсатсыз салынған нысан қомақты айыппұл салуға ғана емес, тіпті заңсыз деп танылған жағдайда мәжбүрлі түрде бұзуға да әкелуі мүмкін.
Заң талаптарын орындау қаланың сәулеттік тәртібін сақтауға және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қала билігі заңсыз құрылыстарға қатысты қатаң бақылауды жалғастырады.


